Қасиетті Құран Кәрімді жатқа айтудан өткен республикалық жарыста әлі мектепке де бармаған балақай бір миллион теңге ұтып алса, бас жүлдеге тігілген жеңіл автокөлікке 19 жастағы маңғыстаулық қари ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ мүфтият елімізде қарилар мен исламға қызмет ететін мамандар толық жеткілікті болғандықтан, діни ағарту саласында сырттан ұстаз әкелуді тоқтаттық деп мәлімдеді.
6 жастағы Нұртілеу қасиетті Құранның 10 парасын жатқа біледі, аяттарды қырағатпен қатесіз оқиды. Әкесінің айтуынша, Нұртілеу 3 жасынан бастап Алланың сөзіне ынта қойып, 200 беттен тұратын он параны жаттап алған. Ересектермен бірге еркін бәйгеге түскен баланың оза шақанын көрген көрермен көздеріне жас алды.
«Нұртілеу өзінен үлкен 9-10 жастағы аға-әпкесімен бірге жаттап үйренді. Тек балаларымыз ғана емес, үй ішімізбен Құран оқимыз. Бүгін осындай жарыс ұйымдастырып отырған азаматтарға, Қазақ еліне, Құранның нұрына бөленген ұстаздарымызға алғыс айтқымыз келеді», – дейді Нұртілеудің әкесі Серік СЕЙІТҚАСЫМҰЛЫ.
Құран аяттарын жатқа айту жарысына 558 адам қатысты. Соларың ішінен іріктеуден өткен 70 шақты қари екі күн Алматы қаласындағы Орталық мешітте білімдерін шыңдады. Сөйтіп олар Құран Кәрімнің 30, 20, 10 парасын мәнерлеп оқу сынды 4 номинация бойынша сайысты.
Мүфтият жүлдегерлерден бөлек қатысушылардың бәріне ақшалай сыйлық беріп, олардың жол шығыны мен жатын орындарын да қамтамасыз етті.
Ал байқаудың бас жүлдесі – жеңіл автокөлік 3 жылда Құранның 30 парасын түгел жаттап алған маңғыстаулық жігітке бұйырды.
«Құран жаттауды мен Алматы облысындағы Көктөбе медресесінен бастадым. 15 жасымда қарилық медресеге кеткен мен 2018 жылы бітіріп келдім. Алланың қалауымен міне республикалық жарыста бас жүлдені алып жатырмын. Аллаға сансыз шүкір. Жүргізуші куәлігім жоқ, көлікті анама сыйлаймын», – дейді қари Сақиға САТЕШОВ.
VIII республикалық сайыс жеңімпаздарын марапатау жиыны рухани кешке ұласты. Онда «Құран – әлемдерге нұр шашқан кітап» атты әсерлі бейне-жазбадан бөлек, қазіргі қоғамдағы жаназа шығарудағы жаңсақтық, жамағаттың қысқа түсінікпен қоғамнан ерекшеленуі секілді мәселелерді қозғайтын қойылымдар көрсетілді.
«Құранды көркем оқитын қариларымыздың арнайы қызметтік дәрежесі бар. Осы жерден білім алып шығып жатқан мамандарымыз діни ғибадат құлшылықтарды толық орындап, қанағаттандыратындай дәрежеге жетті. Біз бұрынғыдай діни білім беру, Құран курстарын өткізу үшін сырттан маман шақыруды тоқтаттық», – дейді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы ОРАЗ.
Бас мүфтидің айтуынша, бүгінде елімізде 150 ғылым докторы мен магистрлік атағы бар имамдар жұмыс істеп, білім алып жатыр екен. Сондай-ақ, исламтану бағытында 1300-дей студент бакалавр, ал арнайы білімді 2 мыңнан астам адам оқып жатыр.
Айта кетейік, Құран жарысына тігілген жүлденің жалпы қоры 20 млн теңгені құрады.
Әмірболат Құсайынұлы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.