Шымкенттегі балалар өлімі: әкесі дүкеннен тұшпара сатып алған

Шымкенттегі балалар өлімі: әкесі дүкеннен тұшпара сатып алған
Отбасы мүшелері дәрігерлерге «ауруханада жатпаймыз» деген қолхат қалдырыпты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкент қаласында отбасы тамақтан уланып, ауруханаға түскенін хабарлаған едік. 4 жастағы және 11 айлық бала көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оқиға 3 қараша күні түнде болған. Әкесі дүкеннен тұшпара сатып алған. Кейін отбасы мүшелерінің іші ауырып, ауруханаға түскен. Мамандардың болжамынша, балалар тұшпарадан уланып қалуы ықтимал.

Шымкент қаласы денсаулық басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Мамырованың айтуынша, отбасы мүшелері 3 қараша күні таңғы сағат 4-те ауруханаға жеткізілген.

«Дәрігерлер балаларды тексеріп, «астан улануы мүмкін» деген диагноз қойды. Мамандар балаларды ауруханаға жатқызу туралы шешім шығарған. Алайда олар ауруханаға жатудан бас тартқан. Сөйтіп, үйлеріне кері қайтқан», - дейді ол.

Мамырованың айтуынша, отбасы мүшелері дәрігерлерге «ауруханада жатпаймыз» деген қолхат қалдырыпты. Бірақ таңғы 9:37-де отбасы қайтадан жедел-жәрдем қызметін шақырған.

«Кейін 2 бала мен 1 қыз ауруханаға түсті. 2015 жылғы бала жұқпалы аурулар ауруханасына ауыр жағдайда түсіп, сонда қайтыс болады. Ал 2018 жылы туған бала гибербариялық оксигинация орталығында көз жұмды. 2008 жылғы қыз осы орталықтағы токсикология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы тұрақты», - дейді баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар қалалық денсаулық басқармасы балалардың әкесі денсаулығына шағым түсірмегенін атап өтті.

Лаура Мамырова отбасы мүшелерінің неден уланғанын тек медицина сараптамасынан соң белгілі болатынын жеткізді. Оның пікірінше, сараптаманың қорытындысы 7-14 күнде шығуы мүмкін.

Балалар газдан улануы мүмкін деген де болжам бар. Алайда Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Зарипа Тұрысбекова бұл жорамалды жоққа шығарды. Оның айтуынша, мамандар оқиға орнына 3 қараша күні сағат шамамен түскі 12:30-да барған.

«Отбасы жатақхана үлгісінде салынған көпқабатты пәтерде тұрған. Оқиға орнына 3 қызметкеріміз барды. Олар көршілермен және уланған балалардың әкесімен сөйлесті. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Шымкент қаласындағы филиалының қызметкерлерімен бірге мұқият талдау жұмыстарын жүргіздік», - дейді ол.

Сондай-ақ Зарипа Тұрысбекова көпқабатты үйден газдың исі шықпағанын атап өтті.

«Компания өкілдері дәліз бен пәтерден газдың исі шықпағанын анықтады. Біздің қызметкерлер де тексеріс жүргізіп, газдың таралу фактісін тіркеген жоқ. Бұл – кәсіби мамандардың жауабы», - дейді бас маман.

Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсел Сәденова екі баланың көз жұму фактісі тіркелгенін жеткізді. Қазіргі таңда тиісті сараптама тағайындалған.

«Отбасы мүшелерінің неден уланғанын анықтау үшін тиісті сараптама тағайындалды. Сондықтан әзірге олардың нақты неден уланғанын айта алмаймыз. Барлығы сараптаманың қорытындысынан соң белгілі болады. Біз тұшпараны тәркілеп алдық», - дейді ол.

Әсел Сәденова сараптама жұмыстары қанша уақытты алатынын нақты айта алған жоқ. Тек бұл жұмыстың бір айға дейін созылуы мүмкін екенін жеткізді.

Новости партнеров