Президенттік кадрлық жастар резервіне ең мықты 300 адам ғана алынады

Президенттік кадрлық жастар резервіне ең мықты 300 адам ғана алынады
Ең соңғы іріктеу желтоқсан айында тәмәмдалады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Көп адам хабарласып, менің балам, менің қызым деп жатты». Еліміздің Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова өзіне көп адам хабарласып, бауыр еті баласын Президенттік жастар кадрлық резервіне өткізуге көмек сұрағанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атап өту керек, қазір Президенттік кадрлық жастар резервіне іріктеудің «әлеуетті бағалау» кезеңі өтіп жатыр. Оған қатысып жзатқан 549 үміткерден ең мықты деген 300-і ғана таңдап алынбақ.

Бекжан Әлімқұлов – жас та болса, табысты кәсіпкер. Бетон өнімдерін шығарумен айналысатын зауыттың директоры бизнесті былай қойып, мемлекеттік қызметке ауыспақ ойда. Кәсіпте жеткен жетістігім жетерлік дейді. Енді Қазақстанның өндіріс саласын дамытқысы келетінін жеткізді.

«Өндіріс саласында Қазақстанның үлкен потенциалы бар деп есептеймін. Өйткені бәріңізге белгілі экспорттап жатқан шикізат дүниеміз импорттап жатқан шикізатымыздан, дайын өнімнен неше есе артық екенін. Ал енді қазір өндірісті әрмен қарай дамытатын болсақ, шетелге шикізатты емес, дайын өнімді ұсынатын болсақ, елімізде одан көбірек ақша қалатын болады деп есептеймін», – деді  кәсіпкер Бекжан ӘЛІМҚҰЛОВ.

Үміткермен сұхбаттасқан көп журналисті жас бизнесменнің кәсіпті тастап, мемлекеттік қызметке неліктен ұмтылғаны қызықтырды. Бұл реттегі сұрақты өзіне ғана емес, тіпті Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымына жолдады. Кәсіпкерлердің әдейі мемлекеттік қызметке өтіп, өз кәсібіне қамқоршылық танытпай ма деген сауалына Анар Жайылғанова былай деп жауап берді.    

"Бұл – әр үміткердің қалауы. Конституция бойынша ешкімнің құқығын шектей алмаймыз. «Сен бизнес саласында жұмыс істейсің, қатыса алмайсың» дей алмаймыз ғой. Өйткен жағдайда бізді сотқа да беруі мүмкін», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы сондай-ақ, бүгінде лауазымды қызметтерде жүрген азаматтардың іріктеуден өткеніне байланысты ойын да білдірді. Осы ретте шараның мөлдір әрі объективті өтіп жатқанын алға тартты. Ешкімге қамқоршылық болмағанын айтады.    

«Егер біз біреуге көмектескіміз келсе, мүлдем басқа пішінде жасаушы едік. Бұрынғыдай келді, байқаудан өтті, біреуге хабарласты дегендей. Мұнда бұған толықтай тыйым салынған. Бәрі ашық, онлайн форматта ұйымдастырылуда. Маған көптеген адамдар хабарласып, менің баламды, менің қызымды Президенттік жастар кадрлық резервіне өткізуге көмектес деп жатты. Мен бұл мүмкін емес деп бірден айтып жаттым. Іріктеудің басты қағидалары мөлдірлілік, объективтілік деп жеткіздім. Олар заңдарды жаттап алып, өтіп кетеді деп ойлады», – деді  – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА.

Ең соңғы іріктеу желтоқсан айында тәмәмдалады. Сонда Президенттік жастар кадрлық резервінің нақты тізімі белгілі болмақ. Аталған қор кадрлар мәселесін ұтымды шешіп қана қоймай, жаңа жас басқарушылардың әлеуетін пайдалануға мүмкіндік бермек.

Новости партнеров