Нұр-Сұлтанда 50-ге жуық тұрғын ата-ана құқығынан айрылуы мүмкін

Нұр-Сұлтанда 50-ге жуық тұрғын ата-ана құқығынан айрылуы мүмкін
Күні кеше елордалық полиция осындай отбасыларға рейд жүргізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бауыр еті баласына жауапкершілікпен қарайтын ата-ана азайды. Бір ғана Нұр-Сұлтанда өз перзентінің өміріне немқұрайлы қараған 50 шақты әке мен шеше, енді ата-ана құқығынан айрылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осылайша, ащы суға сылқия тойып немесе нашақорлыққа әуестенгендер түбінде іштен шыққан баласынан айырлымақ. Күні кеше елордалық полиция осындай отбасыларға рейд жүргізді.

Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бала құқығын қорғайтын заңға қол қойған болатын. Құжатта баланың өгей әке мен шешесіне қатысты талап күшейгені, кәмелет жасқа толмағандарына қол ұшын созатын орталықтар ашылатыны, білім алуы оңай болатыны қарастырылған. Ең бастысы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласының мамандары бала құқығы тапталғанын көрсе, дер кезінде құзырлы органдарға хабарласуы керек.

Елордадағы қиын отбасыларды аралаған полицейлердің айтуынша, тек маскүнем ата-аналар ғана жазаланып қоймайды екен, арақ ішпесе де баласына тәрбие бере алмаған ата-аналарға да шара көріледі. Мәселен, Сарыарқа ауданында сондай отбасылардың бірі тұрады. Мұндағы ата-ана ішімдікке әуес емес, тек балаларының тәртібі қиын. Бірінің тіпті, қылмыстық іске де қатысы бар екен. Ювеналды полиция қызметкерлері бұл ата-ананы құқығынан айыруды жөн көрмейді, сондықтан оған тек ескерту берумен шектелді.

Ал, полицейлер бас сұққан екінші отбасында бәрі керісінше. Екі баланың анасы Кристина ішімдікке әуес. Жергілікті полиция бұл үйге жиі келіп, қадағалап, ескертуде жасап тұрады екен. Бір баласы мектеп оқушысы. Оның өзі жарытып сабаққа да бармайтын көрінеді. Себебін сұрасақ, «ауырып қалды» деп сылтауратуын доғарар емес.

Жыл басынан осындай 15 тексеріс жүргізіліпті. Нәтижесінде, жағдайы төмен 55 отбасыны анықталған. Бас-аяғы 90 баланың ата-анасың басым бөлігі араққа салынып немесе нашақорлар атанып кеткен. Оның кесірі тек өздеріне емес, балаларына де тиюде.

«Егер де әуестік туралы сұрақ туындаса, біз бірден оны емдеу және әуестіктен арылтатын орталыққа жібереміз. Жалпы, полиция ата-ананы құқығынан айыруды көздемейді. Біз үшін басты мақсат – отбасыға, бала тәрбиесіне көмектесу», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті Сарыарқа аудандық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Нэлли Дощанова.

Өткен жылы қамқоршылық және қорғаншылық органдары тексерістерден кейін кәмелет жасқа толмаған 4 баланы балалар үйіне тапсырған. Сондай-ақ, қолындағы нәрестелерінің жағдайын жасай алмаған 15 жалғызбасты ананы өз тізіміне енгізген.

«Басында біз тек шектейміз. Толыққанды ата-ана құқығынан айырудың нақты себебін көрмесек, алты айға шектеу қойып, балаларын алып кетеміз. Осы уақыт аралығында ата-аналар өздерін жақсы ұстап, сотта өз мүмкіндіктерін жақсы жағынан көрсетсе, олар өз балаларын қайта қайтарып ала алады», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық Қамқоршылық және қорғаншылық басқармасының басшысы Гүлім Жүсіпова.

Қателікке бой алдырып, баласынан айрылғандарың арасында перзентін кері қайтарып алып жатқандар да бар. Оған елордадағы Көмек орталығы сеп болған. Өткен жылдың өзінде 186 жанұяға олар материалдық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетіп үлгеріпті.

Новости партнеров