Елімізде бизнесті тексеруге қатысты мораторий тағы 1 жылға ұзартылды

08.12.2022 23:14

Тиісті жарлыққа күні кеше Мемлекет басшысы қол қойды

Шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий тағы 1 жылға ұзартылды. Тиісті жарлыққа күні кеше Мемлекет басшысы қол қойды. Құжат келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жанболаттың жан бағып жүргені осы кәсіпкерлік. Істің көзін тауып, бизнес бастағалы 3 жылдан асыпты. Кешегі мораторий ұзартылды деген жаңалыққа ерекше қуанғанын айтады. Себебі саладағы жөн-жосықсыз тексеріс кәсіпкерлердің ісіне қолбайлау дейді.

«Өз ісіңді ашып, шағын және орта бизнеспен айналысу оңай шаруа емес. Кейде аяқасты кедергілер де кездесе кетеді. Тексеруші органдар әлі де көп. Осындайда тексерудің қаншалықты қажеті бар деп ойлаймын. Алаңсыз жұмысыңды жасауға айтарлықтай кедергі келтірері анық. Президенттің кешегі жарлыққа қол қойғанын естіп қатты қуанғанымыз анық. Бұл кәсіпкерлікке үлкен қолдау, көмек деп білемін», – деді кәсіпкер Жанболат Ахметжанов.

Мораторийдің тағы 1 жылға ұзартылуы бизнес мүлдем тексерілмейді дегенді білдірмейді. Адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіріп, қоршаған ортаға қауіп төндіретін кәсіп болса, арнайы органдар тексеріс жүргізуге құқылы. Әрі бұл жағдайда тұтынушылардан арыз-шағым да қарастырылады. Мораторий мерзімін ұзарту арқылы бизнестің бағы ашылып, экономиканың өрісі кеңейе түседі, - дейді Сапарбай Жобаев. Бұл саладағы бармақ басты, көз қысты әрекеттің алдын алады, - дейді экономист.

«Көбісі шағын және орта бизнестен жемқорлық арқылы табыс табуға үйреніп қалған. Жалпы осындай мораторий жариялап қою керек», – деді экономист Сапарбай Жобаев.

Тағы бір айта кетерлігі, құжатта жеке тексерулерді қоспағанда мемлекеттік органдардың 2 жыл аралықтағы жоспардан тыс тексерулер тағайындау мүмкіндігін алып тастау көзделген. Жарлыққа сәйкес, кәсіпкерлерді қағазбастылықтан арылтып, есеп беруде цифрландыруға басымдық берілмек.

Камшат Мухамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы