Алматылықтар ұшақ апатынан қаза болғандарға арнап гүл шоқтарын қойды

Алматылықтар ұшақ апатынан қаза болғандарға арнап гүл шоқтарын қойды
Оларға құран бағышталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ халқының қабырғасын қайыстырған апаттан жан тәсілім еткендердің басым көпшілігі жастар және орта буын өкілдері. Бірі - сессиясын сәтті аяқтап, әке-шешесімен жаңа жылды қарсы алуға асық болса, бірі - елордаға жеке іс-сапармен бара жатқандар. Қаза болғандардың қатарында қоғамға еңбегі сіңген азаматтар, журналистер, ардагер аға буын өкілдері бар. Марқұм болғандардың туғандарының қайғысына ортақтасу үшін Алматы қаласы әкімдігінің қызметкерлері, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, ұстаздар қауымы, ел спортшылары, өнер адамдары, қала тұрғындары 28 панфиловшілер саябағындағы Мәңгілік алауға жиналып, әуе апатынан қаза болғандардың рухына тағзым етті. Оларға құран бағышталып, гүл шоқтары қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Қазақ халқы ешқашан жетімін жылатпаған. Басына қайғы түскенде әрдайым бір-біріне арқа сүйеу болып, көмегін аямаған. Алматы маңында орын алған ұшақ апаты қазақ елі үшін орны толмас қазаға айналды. Бұл күндері қала халқы қайғылы оқиғадан қаза болғандардың рухына тағзым етті.

«Үлкен қайғы барлығымызға, өйткені ел қайғырып жатыр, ел қайғырып жатыр, жұртшылық қағырып жатыр. Қазақтың сөзі бар ғой, қайғымен бөліссең, азаяды дейді. Шынымды айтақнда көріп отырмын халықтың шын ықыласы кеткен адамдардың орнын толтыра алмаймыз, дегенмен олардың семьяларына қандай да бір көмек болады ма деп», - деді «Әйелдер және отбасылық мәселелер бойынша» ұлттық комиссия мүшесі Гүлсара АЛТЫНБЕКОВА.

«Елімізде орны толмас қаза болды. Бұл күні барлық отандастарымыздың қабырғасы қайысты. Бейбітшілік заманда мұндай қайғылы оқиғаның орын алуы дұрыс емес. Бұл іспен айналысып жатқан комиссия мұның нақты себебін анықтау керек. Қаза тапқан адамдардың, жапа шеккендердің туған туыстарына қайғыра көңіл айтамын»,  - деді «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері үйлестіру кеңесінің» төрағасы Мұрат ӘБДІШҮКІРОВ.

Қалың көпшілік әуе апатынан жапа шегіп, ауруханада жатқандардың өмірін арашалап қалған дәрігерлер қауымына алғыс білдірді.

«Біз үшін бүгін ауыр күн. Бұл күндері  халық болып ұшақ апатынан қаза тапқан және зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіліп жатыр. Ауруханада жатқан балаларға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Ақ халатты абзал жандарға айтар алғысымыз шексіз. Осы күндері жұмыла қызмет атқарып жатқан жұртшылыққа мың да бір алғыс білдіреміз. Еліміз аман болсын! Жапа шеккендер сауығып кетсін»,  - деді Алматы қалалық маслихатының депутаты Нұрия НИЯЗОВА.

«Әрине, үлкен ауыртпалық біздің дәрігерлерге түсіп отыр. Олар өз кәсіби міндетін абыроймен атқарып жатыр. Алла күш-қуат, сабыр берсін бәріне», - деді Қазақстан грек қауымдастығының президенті Георгий ИОРДАНИДИ.

«Ел басына қайғы түскенде бір үйдің баласындай осылай жұмыла жүк көтеруіміз - халықтар арасындағы бірлікті нығайтады», - деді жиынға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері.

«Біз өзіміз бір шешімге келдік. Сол жарақат алған семьяларға, өзіміз, Ассамблея атынан, кішкене ақшалай ма, былай да болса, көмек берейік деп жиналдық», - деді Алматы ұйғыр орталығының төрағасы Абайдолла ЖАППАРОВ.

«Осындай кезде барлық халық бір атаның бір ананың баласындай көмектеспесе, кім көрсетеді бізге. Сондай кезде көрсету керек бірлігімізді,  тыныштығымызды», - деді Алматы ұйғыр орталығы төрағасының орынбасары Абдолхалил ДОЛҚҰНТАЙ.

«Материалдық-моральдық көмек көрсету үшін «Мәңгілік алауда» жиналып отырмыз. Ұсыныстар айтыл, соны енді іс жүзінде іске асырамыз», - деді Алматы қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Қазбек МАМСҰРОВ.

Қаза тапқандардың рухына тағзым етуге қаланың спорт басқармасынан бөлек, әлем чемпиондары да келіп, қайтыс болған отбасылардың қайғысына ортақтасты.

«Алла тағаланың күшімен аман қалған кісілердің тезірек айығып кетуіне тілектеспіз. Енді гәрі мұндай опат елімізде болмасын. Сондай тілекпен бұл кісілерге тағзым ету үшін келдік», - деді «Дене мүмкіндігі шектелген адамдарға арналған «Алматы» спорт клубының» директоры Найзабек САҒЫМБАЕВ.

«Өте өкінішті күн, әрине. Өзіміз де қанша ұшақпен ұшып жүреміз. Кеше естігенде, өте жаман сезімде болдық. Барлық зардап шеккен отбасыларға көңіл айтамыз. Елімізде мұндай жағдайлар болмаса екен дейміз», - деді екі дүркін Әлем чемпионы Назым ҚЫЗАЙБАЙ.

«Басымызға түскен қаралы күнде бәріміз қайғырып тұрмыз. Алматы қаласы спортшылары да бірге қайтыс болған, ауыр халде жатқан адамдарға көңіл айтқымыз келеді. Сабырлық тілейміз туған-туыстарына. Аллаһ шипасын берсін ауруханада жатқан адамдарға», - деді халықаралық дәрежедегі спортшы Елдос ЖҰМАХАНОВ.

Әуе апатынан қайтыс болғандардың туған-туыстарына, жақындарына өнер адамдары да қайғыра көңіл айтады.

«Қайтыс болған азаматтардың туған-туыстарына көңіл айтамын. Апатты жағдайдан зардап шегіп, ауруханада ем қабылдап жатқан жандардың тез сауығып кетуіне тілектеспін», - деді актер Фархат ӘБДІРАЙЫМОВ.

«Қаншама бауырларымыз өмірден озып, көз жұмып жатыр. Соған Алматы жұртшылығы осында келіп, рухтарына тағзым етіп, осы бір қаралы күнді солармен бірге болғысы келіп жиналған екен. Мен де солардың бірімін», - деді «Жігіттер» тобының әншісі Бағлан ӘБДІРАЙЫМОВ.

Белгілі болғаны, апатқа ұшыраған ұшақтың ішінде 3 студент болыпты. Оның 1-еуі қаза тапқан. Ал қалған 2-еуі жарақат алған екен. Бұл ретте Алматы студенттер аляньсы да шетте қалмай, жапа шеккендерге қалай да қолдау көрсетуге асық екендерін айтты.

«Студенттер үшін үлкен қорқыныш. Кез-келген басына түсуі мүмкін. Ондай нәрсе қайталанбаса екен деп тілейміз. Қайтыс болған адамдардың жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Иманы серік болсын! Алдағы уақытта қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысамыз», - деді «Алматы студенттер альянсының» атқарушы директоры Жасұлан ҚУАНДЫҚ.

«Алматы маңындағы іздеу жұмыстарына, қалпына келтіру жұмыстарында қызмет етіп жатқан жастарды да, қызметшілерді де тағаммен қамтамасыз етіп, ыстық тамақ ұйымдастырып, тағысын тағы, бұның барлығы біздің ауызбіршілігімізді көрсетеді», - деді Алматы қаласы «Жас отан» жастар қанатының төрағасы Мәди АХМЕТОВ.

Әуе апатынан ажал құшқандармен қош айтысуға қарапайым қала тұрғындары мен білім саласының қызметкерлері де келді.

«Елімізде тыныштық болсын. Жұртымыз аман болсын. Қайтыс болған адамдардың отбасына көңіл айтамыз. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз», - деді Әлия СМАҚОВА.

«Мұндай опат елімізде, жалпы еш жерде қайталанбаса екен деп тілейміз. Оқиғаның себеп-салдарын әділ анықтайды деп сенеміз», - деді Алматы қаласы № 165 мамандандырылған лицейдың ұстазы Ольга ГРЕБЕНЮК.

Новости партнеров