Айтылған сөз – атылған оқ. Алматы әкімімен кездесуде көтерілген сұрақтар жауапсыз қалмады. Соның дәлелі – Медеу ауданындағы шешілген мәселелер. Мысалы, «Восточка» тұрғын үй кешеніндегі бірқатар сұрақтың түйіні тарқады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал лай көшкінінің астында қалуымыз мүмкін деген Таиров көшесінде де жақсы жаңалық.
«Алматыдағы ең мәселесі көп «Восточка» тұрғын үй кешеніндегі халықтың атынан келіп тұрмын. Әу баста құрылыс сапалы жүргізілмеді. Кепілдік міндеттемелер орындалмады. Оның уақыты өтіп бара жатыр. Жаңбыр жауса болды, 24-үйдегі жертөлені су басады. Инженерлік желілер қаланың балансына өтпеді», – деді қала тұрғыны Арыстан Рысаев.
Бұл – Алматының Медеу ауданында бой көтерген 9 қабатты тұрғын үй кешені. Аудан тұрғындары қала әкімімен кездесуде мұндағы бірқатар мәселенің басын ашып айтқан еді. Оның барлығы бүгінде оң шешім тапқан. Мәселен, халықтың сұрауымен жылу қазандықтары қала қарамағына өткізіліпті.
«Қазір жаңбыр суын ағызатын жүйенің құрылысы аяқталды. Ол үшін 425 диаметрлі жер асты коллекторы салынды. Сондай-ақ ұзындығы 290 метр бетонды құбырлар орнатылды. Бұл – бір. Екінші мәселе, суық су құбырын қайта жаңғырту болатын. Қазір жұмыс аяқталып қалды. Аяқтай сала, жолды асфальттауға кіресеміз. Электр желілерін қала балансына өткізу мәселесі бойынша да жұмыс жалғасып жатыр», – деді Медеу аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Азат Кәкетаев.
Таиров көшесі тұрғындарының жағдайы ,тіпті, қиын болатын. Мұндағы жер үйлер қауіпті аумақта орналасқан. Себебі жауын жауса, беткейдегі топырақ жұмсарып, көшкін жүру қаупі басым болады. Енді елдің алаңдауына негіз жоқ. Қала билігі қазынадан қаражат бөліп, биік беткейлерді темір тормен қаптатты. Бұл сұрақты да аудан тұрғыны Марал Оспанова қала әкімімен кездесуде көтерген болатын.
«Жаңбыр жауса болды, сел мен лай көшкіні жүре ме деп қорқасың. Өйткені бала-шағам, қарт әкем мен анам бар. Күндердің бір күнінде баспанамызды лай басып қала ма деп уайымдайтынмын. Қырдағы балшықтың қатайтылғаны жақсы болды. Тыныш, алаңдамай өмір сүретін болдық. Біздің өтінішімізді жерге тастамаған жандарға алғысым шексіз», – деді қала тұрғыны Марал Оспанова.
«Бұл қабырға салынбай тұрғанда, беткей үлкен қауіп төндіретін. Ал үйлер әр түрлі биіктікте орналасқан. Кейде 5 метрден 7 метрге дейін көтеріліп кетеді. Техника кіре алмайтындықтан, мұндағы жұмыстың барлығы қолмен жасалды. Енді тас қоршаулардың арқасында ондай қауіп болмайды. Олар лайланған балшықты мықтап ұстап тұрады. Таулы аймақтарда тұратындарды габионды құрылғы жақсы қорғайды. Әзірге жұмыстың 75 пайызы бітті», – деді Мердігер компания директорының орынбасары Сергей Ковалев.
Мердігер мекеме істі сапалы атқарып, биылға жоспарланған жұмыстың басым бөлігін уақытынан бұрын аяқтауды көздеп отыр. Ал қырдағы балшықты қатайту ісі желтоқсан айының ортасында жұмыс толық бітеді.
Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы