Бұл туралы Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің басшысы Дәулет Ақылбеков брифинг кезінде мәлімдеді. Оның айтуынша, 28 шілде күні болған рейдте ведомство мамандары Наурызбай ауданында осы цехты тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Онда ең танымал арақтар жасалыпты. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде дайын 500 бөтелке арақ, арнайы қақпақтар және мыңнан астам акциздік маркалар тәркіленді. Осы тектес астыртын цехтың биыл бесеуі табылыпты. Сонымен қатар, контрафактілік жолмен жеткізілген темекі де анықталған.
«26 шілде күні жедел іздестіру шаралары кезінде Алматы қаласында 90 қорап темекіні заңсыз сатпақ болғаны анықталды. Бұл дегеніміз 45 мың темекі. Күдікті 15 мың АҚШ долларын алып жатқан жерінен ұсталды. Яғни, бұл заңсыз кәсіпкерлік болып табылады. Қазір аталған фактке байланысты қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша іс қозғалды», – деді Алматы қаласы экономикалық тергеу департаментінің басшысы Дәулет АҚЫЛБЕКОВ.
Жаз басталғалы экономикалық тергеу департаменті «Құмар ойынсыз қала» атты акция жүргізілген болатын. Аталған шара осы күні Қазақстанның барлық жерлерінде өткізіліп жатыр екен. Дәулет Ақылбековтың айтуынша, құмар ойын бизнесі түрлі тәсілмен жүргізіледі. Бірі компьютерлік клуб атын бүркеніп, казино ашқан, енді бірі ойын автоматтарын дүкендерге қойған. Рейд кезінде 20-дан астам адам жауапкершілікке тартылып, 500-ден астам ойын терминалдары тәркіленген. Сонымен қатар, 15 ойын залдары жабылыпты. Соңғы кездері түсіндірме жұмыстары мен рейдтің көптеп ұйымдастырылуы оң нәтиже беріп жатыр. Осылайша, құмар ойындардың санын азайтсақ, қылмыстың да жасалауы айтарлықтай төмендейді дейді.
«Біздің сараптауымызша құмар ойынға келетіндердің дені 16- мен 45 жас аралығындағы азаматтар. Олар оңай ақшаға кенелгісі келетіні белгілі. Алайда, олай болмайды. Сөйтіп, ұтылған адам тонау, ұрлық сынды қылмыстарға барады. Сондықтан, біз аталған жұмысты әрмен қарай да жалғастыра береміз», – деді Алматы қаласы экономикалық тергеу департаментінің басшысы Дәулет АҚЫЛБЕКОВ.