Мейірім мекені: қатерлі ісікке шалдыққан 5 жастағы қыздың анасы көмек сұрайды

19.02.2024 21:23

Мединаның өзге елде құлантаза айығып шығуы үшін 227 млн теңге қажет

Almaty.tv

Ақтаулық 5 жастағы Мединаға шұғыл көмек қажет. Балапан туабітті қатерлі ісікке шалдыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ата-анасы қазір бүлдіршінді аман алып қалу үшін көптің көмегіне мұқтаж. Бүгінге дейін шекара асып, еміне шипа іздеп келген. Алайда нәтиже болмапты. Ендігі жалғыз үміті Америкадағы ота болып отыр. Мұхит асып баруға қомақты қаражат қажет.

Медина әдеттегідей күліп, асыр салып ойнап жүрген бала еді. Алаңсыз балалық шағы әп-сәтте бұлыңғыр күндермен алмасты. О баста қолына жара шығып бастаған. Небәрі бір айдың ішінде оның көлемі өсіп, қауіпті кеселге айналған. Ана жүрегі үлкен сынақтың басталғанын сезген.

– Осыған дейін 50 курс химиятерапия, 50-ден астам радиотерапия алдық,  3 ота жасалды. 60-қа жуық наркоз алды. Қазіргі жағдайда баланың өмірін мүмкіндігінше созу қажет, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Марал Хафиз

Баласының ауруымен алысып, дертіне дауа іздеген ананың бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Елімізде емі табылмаған соң шекара асып Стамбұл қаласындағы дәрігерлердің де көмегіне жүгінген. Бірақ нәтиже болмаған. АҚШ-та емдеуге болады дегенді естіп, үмітеніп отыр. Бірақ шетелге шығу үшін қыруар қаржы қажет. Амалы таусылған отбасы «Қазақстан халқына» қорынан да көмек сұраған. Бірақ ойлағандай хабар аламаған.

– Бәрін жаздық. Қазақстанда емдейтін дәрігерлер өздері шешім шығаруы керек. «Бала Қазақстанда емделмейді» деген анықтаманы алсақ та, еш көмек жоқ, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Нұрлан Хафиз.

– Бар үміт АҚШ-та болып тұр. Онда тек тексерілу үшін 64 мың доллар қажет, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Марал Хафиз.

Мединаның өзге елде құлантаза айығып шығуы үшін 227 млн теңге қажет. Көптің көмегіне мұқтаж отбасы енді қайырымды жандардан жәрдем сұрайды. Тиісті реквизиттер төменде көрсетілген. Жақсылық жасауға ниетті жомарт жандардың қол ұшын созуын 5 жасар бүлдіршіннің ата-анасы асыға күтеді.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана