Тараз қаласының жылу желісі 71 пайызға тозып тұр. Сорақысы қала орталығындағы ең ірі магистраль шіріп кеткен. 34 жыл бойы жөндеу көрмеген құбырларға қала әкімдігі биыл ғана көңіл бөле бастапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы екі жылда Тараздың жылу құбырлары жылыту мекемесі жұмысшыларының сорына айналды. 2022 жылдың қысында тозған құбыр 9 рет жарылса, былтыр негізгі магистральда 6 рет апат болды. Себебі М-1 негізгі жылу жүйесі 1990 жылы салынып, 25 жылдық пайдалану мерзімінен асып кеткен. Құбырлардың шірігені сонша, кей бөліктері түртсе сынатын жағдайға жеткен. Жауаптылар «негізгі магистраль 80 пайыз тозған» деп баға беріп отыр.
– Құбырлар ескірген, кей жері саусақпен тесетіндей күйге түскен. Аққозиев көшесінің арғы жағында жерасты суы бар, құбыр сапасы өте нашар. Ал жаңа салынып жатқан құбырдың диаметрі үлкен, сырты 10 см қапталған. Өндіруші зауыт 50 жылға кепілдік берді, – деді мердігер компанияның өкілі Дәулет Тұрсынханов.
Дабыл қаққан жергілікті билікке биыл республикалық қазынадан 7,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы 6,2 шақырымдық негізгі магистральдың 4,6 километрін жаңғыртуға жетеді. Әкімдік өкілдері ескі желінің орнына кең диаметрлі құбыр салдырып жатыр. Себебі былтыр жаңа аудандарға тиісті жылу жетпей, мәселе туындаған.
– Ең негізгі желі болғандықтан, су өткізу қабілеті жоғары құбырға ауыстырып жатырмыз. Өйткені қосымша үй салынып жатыр. Жылу жүйесін ұлғайту керек, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Құрылысты уақытылы бітіру үшін 120 жұмысшы мен 40-тан аса техника жұмылдырылған. Жауаптылар жаңғырту жұмыстары 1 қазанға дейін толық аяқталатынын жеткізді.
Айта кетейік, облыс орталығындағы жылу желісінің жалпы ұзындығы 257 шақырым. Ал оның тозу деңгейі 71 процентке жеткен. Жауаптылар қаржы жылма-жыл бөлінсе, тозған құбырлар жаспарға сай ауысатынын айтты.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы Тараз
Оқи отырыңыз: Су тасқыны: Құлсарыдағы 600-ден аса тұрғын мүлкін бағалау нәтижесін алды