Үздік білім беру мекемесіне 800 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйлық табысталады, оның көлемі 24 миллион теңге
Бүгін Алматыда өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев дәстүрлі түрде өтетін білім саласы қызметкерлерінің форумында бірқатар ұсыныстар айтылды. Өз кезегінде, тиісті басқарма жыл бойы жеткен жетістіктерді жіпке тізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда білім саласының мамандары дәстүрлі тамыз кеңесінде бас қосты. Дегенмен, жыл сайын өтетін шара биыл тосын жаңалықтармен басталды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев биыл жұмысқа енді қадам басқан жас ұстаздарды қолдауды құп көріпті. Ұстаздық жұмысқа кірген 700 жас маман 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ, жыл сайын үздік білім беру мекемесіне 800 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйлық табысталады. Қазір ақшалай марапаттың көлемі 24 миллион теңгені құрайды. Ал келесі жылдан бастап өз ісіне адал берілген мұғалімдерге қала әкімінің атынан бөлек грант бөлінгелі отыр. Оған қоса, білім беру саласының кәсіби мерекесі қарсаңында жыл сайынғы «Үздік ұстаз» байқауы жалғасын табады. Сыйлыққа пәтер, қымбат темір тұлпар және басқа да бағалы сыйлықтар беріледі деді қала әкімі.
«Мұндай ашық диалог алаңы – қаланың білім беру жүйесін сапалы деңгейге көтерудің, әрі бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырудың бірден-бір маңызды шарты. Баршамыз үшін танымы мол тәрбиешінің, үлгі тұтатын ұстаздың орны қашанда бөлек. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, «Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз». Олай болса, Сіздер берген сапалы білім – жарқын болашақтың кепілі», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Алматы әкімі айтқан бастама қаладағы балаларға білім беретін 32 мыңнан астам педагогқа үлкен мотивация болған. Бас қосудан соң оны ұстаздар қауымы да растады. Сөздерінше, әсіресе шәкірттердің жүрегін жаулауға асыққан, заманауи ілімді меңгеруге ұмтылған жас маманға бұл сыйақы көңілдеріне демеу болды деді.
«Бізге мұғалімдерге жыл сайын көптеген мүмкіндіктер ала талпыныс беретін, стимул беретін көптеген мүмкіндіктеріміз көбейіп жатыр. Әр жыл сайын мұғалімдерге «Үздік ұжым», «Үздік білім беретін ұйым» және «Үздік педагог» конкурстары қолға алынатын болады. Және ол жерде үлкен көлемдегі сыйақылар тігіледі. Бұл мұғалімдердің ары қарай дамуына мүмкіндік жасап отыр», – деді Алматы қаласы № 175 «Жаңа ғасыр» мектебі информатика пәнінің мұғалімі Гүлнұр ДҮЙСЕМБИЕВА.
Жыл сайынғы дәстүрлі форумда бала бақшалардың да жай-күйі сөз болды. Алматыда ішкі миграция мен бала туудың көрсеткіші қарқынды болғандықтан мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеушілігі байқалады. Осыған байланысты алдағы үш жыл бойы мемлекеттен қала қазынасына 6,5 млрд теңге бөлінетін болды. Бұл қаладағы балабақшадағы орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге жұмсалмақ. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын үйлердің бірінші қабатында кішігірім балаларға арналған орталық ашуды ұсынды. Сондай-ақ, инвесторлармен де жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Қалталы азаматтар қалада 20 мектеп салуға ниетті екен. Тек жер жетіспеушілігі бар деді шаһар басшысы. Десе де, 2021 жылға дейін қаланың шеткі аудандарында жаңа білім ордаларының құрылысын қарастыру жайлы тиісті басқармаға тапсырма берді.
«Қала бойынша мектеп жетіспеушілігі жалпы 25 мың орынды құрайды. Әсіресе, мектеп Алатау ауданында байқалады. Онда орын жетіспеушлігі 7 мың болса, Әуезов ауданында 4 мың, ал Наурызбай ауданында 1,5 мыңды көрсетіп тұр. Яғни, ондағы кей мектептерде орын жоқтығы 2 есеге көп. Жалпы білім беру ордаларының 65 пайызы қаланың орталығында орналасқан. Жаңа білім беру нысандарын салу қарқыны бәсең, бұл жағдайды біртіндеп реттеуіміз керек. Шеткі аудандарда мектептерді қолжетімді ету мәселесі өте маңызды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Айтпақшы, жаңа оқу жылында 16 мың аз қамтылған отбасының балалары қатардан қалмай толық мектеп формасымен қамтылады. Ол үшін жергілікті бюджеттен 785 млн тенге бөлінді. Енді үйірмелер қағаз жүзінде емес, шын мәнінде нәтижелі жұмыс істеуі керек деп қадап айтты қала әкімі. Сондықтан, шеткі қос ауданда Оқушылар сарайы салынады. Және де өскелең ұрпақты мектеп партасынан отанды сүюге баулу үшін қаладағы мұражайларға кіру балалар үшін тегін болмақ. Сондай-ақ, қала әкімі шәкірттердің мамандық таңдауына зор көңіл бөлу бастамасын көтерді. Тіпті мектеп ішінде кәсіби бағыт-бағдар беретін сынып ашу жоспарда бар.
«Мектепте балаларды бейіміне байланысты мамандық таңдауға бағыттасақ. Соған байланысты арнайы кабинеттер ашылса. Мысалы, медициналық кабинет болса, бала қолымен ұстап, көзімен көріп, белгілі бір мамандыққа бейімделетін еді», – деді Алматы қаласы №175 «жаңа ғасыр» мектебінің бастауын сынып мұғалімі Жанар САРҚҰЛОВА.
Алматы республика бойынша өзге өңірлер арасында оқ бойы озық тұр. Қалада 1252 жалпы білім беретін мекеме бар. Оның 443-і мемлекеттік болса, 809-ы жекеменшік. Мектепте 370 мың оқушы оқиды.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы