Ресей мен Украина шиеленісі: теңгенің тағдыры не болмақ

24.02.2022 00:11

Қазіргі доллардың өсуі мен теңгенің алдағы жайына қатысты белгілі қаржыгер Мақсат Халық пікір білдірді

Almaty.tv

Қаржы нарығында доллар қымбаттап жатыр. Отандық қор биржасындағы сауда сессиясының қорытындысына сүйенсек, АҚШ валютасы 3 теңге 23 тиынға нығайып, 437 теңге 35 тиынға теңесіп отыр. Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Украина төңірегіндегі шиеленістің күшеюінің салдарынан қаржы нарығында құбылмалылық өскенін айтқан еді. Қазіргі доллардың өсуі мен теңгенің алдағы жайына қатысты сарапшы, белгілі қаржыгер Мақсат Халық пікір білдірген еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Соңғы уақыттарда біз теңгеміздің біраз құнсыздана бастағанын көріп отырмыз. Әрине, негізінде теңгеміз тұрақтырақ болуы керек. Оған әсер ететін факто – мұнай нарығындағы баға барреліне 100 долларға жақындап қалғаны. Одан тіпті, асуы да мүмкін деген болжамдар бар. Сондай-ақ елімізде салықтық кезең болып жатыр. Компаниялар салықтық кезеңнен өтіп жатыр, олар қолдағы долларын теңгеге алмастырады. Бұл белгілі бір дәрежеде теңгенің құнын арттыруы керек еді. Бірақ сонда да теңгеміз құнсызданып жатыр. Оған негізгінен, бір-екі күн бұрын Ресей президентінің қабылдаған жарлығы себеп болып отыр. Бірден айту керек, осы жағдайдан кейін Ресейдің қор нарығындағы биржасы бірден 1 пайызға түсіп кетті. Бұл Ресей рублінің антирекордты жаңаруына септігін тигізді. Себебі осы жағдайлардың бәрін қарасақ, демек геосаяси жағдай теңгемізге қатты ықпал етті деуге негіз бар. Осы күндерде Ұлттық банк интервенция жасап үлгерді, 33 млн доллар көлемінде нарыққа ақша құйды. Соның нәтижесінде де теңгемізді аздап ұстап тұруға мүмкіндік алып отыр», - деді экономист Мақсат Халық. 

Соңғы тәулікте рубльдің әлсіреуі 4 пайызға жетті. Бұдан теңгеге де қысым түсіп жатыр. Жалпы, Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс Қазақстан экономикасына әсері болатыны сөзсіз.  

«Қазіргі уақытта Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай өте қатты шиеленісіп кетті. Бірінші мәселе: АҚШ-тың тарапынан қаржы жүйесіне бағытталатын санкциялар, нақтырақ айтсақ, SWIFT жүйесінен ажырату мәселесі көтеріліп жатыр. Егер ол жағдай қабылданатын болса, Ресейдің ақша жүйесіне қатты зақым келеді. Банктер арасындағы карталық төлемдерге де үлкен зақым келеді. Оның Қазақстан экономикасына да кері әсері тиеді. Өйткені біз Ресеймен өте тығыз қарым-қатынастамыз. Соңғы жылдарда 18 млрд доллардан 20 млрд долларға дейін тауар айналымы болды. Егер де Ресей рублі қатты құнсызданса, ол Ресей тауарларының бізге өте арзан боп келуіне жол ашады. Біз қуануымыз мүмкін, бірақ бұл жерде біздің отандық өнімдерімізге кері әсер етеді. Екіншіден, Ресей рублі қатты құнсызданып жатса, 1 долларға шаққанда 100 рублге шығып кетсе, біздің теңгеміз де қатты құнсызданып кетеді. Біз де теңгені ұстап тұра алмайтын боламыз. Осындай салдарлар күтіледі», - деді Мақсат Халық.