Ғалымдар Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан бастамасын қолдайды. Бұл туралы Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ақылбек Күрішбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жолдауда көрсетілген тапсырмалар жүзеге асса, елдегі жұмыссыз жастар азайып, кәсіби мамандар саны арта түсері сөзсіз». Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиевтің айтуынша, Жолдау – халықтың ертеңге деген сенімін нығайтып, жақсылыққа бастайтын қадам.
– Президенттің Жолдауын іске асыру елімізде жаңа жұмыс орындарын ашып, заң үстемдігін арттыруға, қамтамасыз етуге нағыз бағдар болады деп ойлаймын. Сондай-ақ Президент атап өткендей, жергілікті өндірушілердің құқығын қорғау, яғни мультипликативті эффект болады, жаңа жұмыс орындары құрылады, халықтың әл-ауқаты артады, – деді Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев.
Жолдауда айтылған ауыл шаруашылығы мәселесі де қоғам белсенділерінің назарынан тыс қалмады. Зиялы қауым «Президенттің сүбелі пікірлері маңызды» дейді.
– Ауыл шаруашылығы – озық технологиялы сала. Ғылымсыз дамуы мүмкін емес. Президенттің айтуынша, бұл салаға бөлінетін қаржы 3 есе көбейеді, – деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ақылбек Күрішбаев.
– Қазір субсидия беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бірақ тиімді ме, мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат шаруаның қолына тие ме? Осы мәселелерді Президент атап өтті, – деді М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.
Мемлекет басшысы Жолдауда ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, оны заманауи технологиямен жабдықтау маңызды екенін атап өтті.
–Жолдауда ғылым, экономика саласына аса назар аударылғанын байқадық. Рас, ғылым деп арнайы бөліп айтқан жоқ, бірақ технология, білім деген мәселе жиі айтылды, – деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев.
Сондай-ақ зиялы қауым өкілдерінің айтуынша, Президент Жолдауында қордаланған мәселе түгел қамтылды.
Гүлмарал Изатқызы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозған