Дәл сол оңалту орталығында Нұршат 6 жасында алғашқы қадамын басты
Қолымызда жолдама болғанымен республикалық оңалту орталығы қабылдамай отыр. Алматылық 9 жасар Сәрсен Нұршаттың әжесі осылай деп, арнамызға мұңын шағып хабарласты. 70 жастағы қарияның сөзінше, бұған дейін кембағал баланы оңалту орталығына 8 рет апарған екен. Тіпті, үш жыл бұрын сол жерде туғанынан тік тұрмаған қыз 6 жасында тәй-тәй басқан екен. Енді биыл неге екені белгісіз қолдарында жолдама болғанымен, орталық дәрігерлері баланы жақындатпай отырған көрінеді. Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен анықтап көрді.
70 жастағы Ұлмекен Әбдіразақованың бүгінде етегі жасқа толы. Тұңғыш немересі дүниеге келген сәтінде, анасының босануы қиын жүріп, салдарынан бала кемтар болып қалған. Әжесі Нұршатты осы уақытқа дейін қаратпаған жерім жоқ дейді. Тіпті, Германияға да ота жасатуға апарған. Ондағылар толық жазылып кетуіне сенімді болмағандықтан одан бас тартуға тура келді дейді. Кейінен Алматыдағы республикалық балалар оңалту орталығында ем қабылдаған.
Бұл видео осыдан 3 жыл бұрын түсірілген. Дәл сол оңалту орталығында Нұршат 6 жасында алғашқы қадамын басты. Енді кезекті рет сол үйреншікті орталыққа ем қабылдауға жолдама алған әжесінің сөзінше «Балбұлақ» қабылдамай жатқан көрінеді.
«Бастығы Мұхтар Тыналиев деген 11-нен бері екі рет қайтарып жіберді. Ол жерге біз тоғызыншы рет бара жатырмыз. Алты рет ақша төлеп бардық. Үш рет жолдамамен бара жатырмыз. Он бірінші рет барғанда Каблуковадан алған психиятриялық қағазы дұрыс емес деді. Оны алып келдік. Содан кейін дүйсенбі күні Каблуковаға барып едік, дәрігерлер қарап көрді. Қайтадан бізге анықтама берді. Соны алып, қайта барсам, сіз мынаны пара беріп алғансыз деп тағы қайтарды», – деді Нұршат Сәрсеннің әжесі Ұлмекен Әбдіразақова.
Қолында жолдамасы бар әжейдің мұңын айтып біз де оңалту орталығына келдік. Бірақ, алғашқы күні бізді тіпті, дарбазасынан да кіргізбеді. Хош, келесі күні сұхбат беруге келісті. Сөздерінше, денсаулық министірлігі өткен жылдың ақпанынан бастап клиникалық хаттамаға өзгеріс енгізген.
«ҚР Денсаулық министрлігінің хаттамасы бойынша сол ауру бойынша бұл кісілердің диагнозы сәйкес келмейді реабилитациялық емді алу үшін. Бұл кісілерде психиатриялық диагноз болғандықтан ауыр ақыл-ой кемістігі "F" диагнозы болғандықтан ондай диагнозбен бізге жатуға қарама қарсы болып тұр. Қайшылық келіп тұр», – деді «Балбұлақ» Республикалық балалар оңалту орталығының бөлім меңгерушісі Қайрат Хайруллаев.
Әзірге 9 жасар Нұршат аудандық емханада қаралуда. Алайда оңалту орталығында толық сауықтыру курсын алу үшін кез-келген пациент ең алдымен жүйке ауруы диагнозын алу қажет дейді, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
«Бұйрыққа сәйкес, балалар жылына 3 және 4 рет оңалту орталықтарына жіберіледі. Ол үшін жергілікті емханадағы дәрігерге жүгінуі керек. Невропатолог баланы емдеу үшін бізге бағыттайды. Балалар бізге ауруханаға жатқызу бюросында емделуге келеді», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының штаттан тыс балалар реабилитологы Эльмира РООТ.
Айта кету керек, Алматыда 4 оңалту орталығы бар. Биыл 4 мыңнан астам бала аталған медициналық мекемелерге жолдама алған. Ал кішкентай Нұршаттың енді қай жерде оңалатыны белгісіз. Оған ешкім нақты жауап бере алмады.
Арнат Дүйсен, Медет Саматұлы, Мұрат Тайжан, «Алматы Телеарнасы».