Полицейлерден қайыр жоқ: Алматының Алатау ауданында тұрғындар ұрылардың тым көптігіне шағымданды

Полицейлерден қайыр жоқ: Алматының Алатау ауданында тұрғындар ұрылардың тым көптігіне шағымданды
Бірінің көлігі ұрланса, енді бірінің аккумуляторы қолды болып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алатау ауданында қылмыс деңгейі басылмай тұр. Тұрғындар көліктерін далада қалдырудан қалдық дейді. Бірінің көлігі ұрланса, енді бірінің аккумуляторы қолды болып жатыр екен. Соңғы кездері велосипедті де қоймайтын болды деп налиды жұрт. Учаскелік полиция мен бейнебақылау камерасынан қайыр жоқ деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дүние-мүлкін ұрлатқан тұрғындардың қайсысынан сұрасаңыз да полиция көмектеспейді деп шағымданады.

- Ұрлық көбейіп кетті. Менің жолдасымның көлігін ұрлады. Екі аптадан асты, әлі табылған жоқ. Полицейлерге арыздандық, ешқандай хабар жоқ, іздеп жатыр ма, жоқ па – айтпайды, білмейміз.

- Велосипедтер жиі ұрланады. Міне, жақында ғана екі көлікті де айдап әкеткен. Пәтерлерді тонайтындар да көп. бір күнде бір подъездегі үш пәтерге ұры түсті. Біздің подъезде тұрған 4 велосипедті қолды қылды. Қазір енді жертөлеге тығып жатырмыз.

- Әр үйге бейнебақылау камераларын орнатқан, бірақ ешбірі жұмыс істемейді. Салдарынан ұрлық көбейіп кетті. Тіпті, көліктерге дейін ұрлап жатыр. Қарапайым халық қиналып кетті. Бізге көмек керек, - дейді Алатау ауданының тұрғындары.

Бұл сұрақтарға, алдағы бейсенбі күні Алатау ауданының әкімі Шахмерден Рысбаев тікелей эфирде «Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасында жауап береді. Алатаулықтар мазалаған сұрақтарын «Алматы» арнасының ресми сайтында қалдырып, WhatsApp қосымшасы арқылы жазбаша, аудио және бейнематериал ретінде жіберсе де болады. Сонымен қатар, тікелей эфир кезінде студияға қоңырау шалу арқылы да сұрақтарыңызға жауап ала аласыздар.

Новости партнеров