Алматыдағы үйлердің біріне «Ақбөкен ұстаған адам» салынады

телеканал "Алматы"
телеканал "Алматы"
Голландиялық Тельмо Пипердің стрит-арт өнерімен айналысып жүргеніне 10 жылға жуықтаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы тұрғын үйдің қабырғасында белгілі голландиялық суретші Тельмо Пипердің еңбегі пайда болады. Стрит-арт өнерінің хас шебері жұмысын Жароков пен Өтепов көшелерінің қиылысындағы баспананың қасбетіне салып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұдан бөлек, қалада бастау алған төртінші «Мұралы» фестивалі аясында отандық екі суретші өз туындысын салып үлгерді.

Голландиялық Тельмо Пипердің стрит-арт өнерімен айналысып жүргеніне 10 жылға жуықтаған. Бүгінде оның әріптесі Миэль Круцманмен бірлескен 100-ден астам еңбегі әлемнің 30 елінде көпшілікті тәнті етуде. Бұл Қазақстанға алғашқы сапарым дейді суретші. Көше өнерінің шебері көбіне жануар мен табиғатты бейнелегенді ұнатады. Бұл жолы да осы бағытты жалғастыруды жөн санапты. Бүгінде ол қаладағы үйдің қабырғасына ақбөкенді ұстаған адамның суретін салу үстінде.

«Қазақ елі ақбөкенді ерекше қастерлейтіні туралы естідім. Оның үстіне бұл жануар түрінің әлемде жойылып кету қаупі бар. Маған халықаралық фестивальға қатысу туралы ұсыныс түскенде, осы бейнені ұсындым. Алматы – табиғаты әсем қала. Мен Медеу, Көк-Төбе, Үлкен Алматы өзені, Көк базарды аралап көрсем деймін», – деді голланд суретшісі Тельмо ПИПЕР.

Танымал стрит-арт шеберінің туындылары өзінің бірегейлігімен және көркемдігімен ерекшеленеді. Ол бала кезінде салған суреттеріне жан бітірген. Бұл жанрда жұмыс істейтін қылқалам шеберлері аса көп емес. Шетелдік суретішінің жаңа жұмысын алты күннен кейін  Алматыдағы Жароков және Өтепов көшесі қиылысынан көруге болады.

«Қазір екі тұрғын үйдің қабырғасы бейнемен көмкерілген. Енді алдағы уақытта тағы 4 жерге сурет салынады. Біз қаланың барлық ауданын қамтуға тырыстық. Жаңа туынды үшін қабырға бөлуге қала әкімдігі көмек көрсетуде. Суретшілерді қажетті құрал-жабдықпен қамтуға кәсіпкерлер ат салысуда», – деді «Mural Fest»  байқауының жетекшісі Мөлдір БЕКЖАН.

Cурет салуға пайдаланылып отырған бояулар қыстың қақаған аязына да, күздің толассыз жаңбырына да төтеп бере алатындай сапалы. Кем дегенде он жыл бояуы оңбай, сақталады екен. Төртінші рет басталған халықаралық фестивальға қатысушылардың туындылары алматылықтардың көңілінен шығып отыр.

«Мен өзім өнер жағынан оқытушы болғандықтан, өнердегі жаңалықты жақсы қабылдаймын. Әдемілікке жаңа көзқарас қажет», – деді қатысушылардың бірі.

«Мұралы фестивалі осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Шара аясында барлығы 8 суретшінің жұмысын көруге болады. Олардың арасында Ресей, Украина, Беларус, Франция және Мексикадан келген атақты шеберлер бар. Жалпы қалада 30 стрит-арт шеберлерінің жұмысы көпшілікті тәнті етіп келеді.


Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров