Жалғыз лоукостер «FlyАрыстан» жыл соңына дейін рейстер санын 14 -тен 28 жиілікке дейін артатынын айтты
Президенттің кешегі әуе кемелерінің билет құны тым қымбат деуінен кейін халық пікірін білдік, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұшақпен қатынайтындардың ойы сан түрлі. Бірі отандық қос қаннатты темір құстар ішінде ыңғайлылық пайда болды десе, өзгесі бағалары әлі де шарықтап тұр дейді.
«Иә, қазір Алматы мен Астанаға рейс ашылды ғой. Өте жақсы, ризамыз. Бірақ енді соның арзан алу үшін 45 күн бұрын ал дейтіні қиындау», – деді бір жолаушы.
«Ертерек алып койсаң, өте тиімді болады. Егерде тақалған кезде алсаң, қымбатқа түседі», – деді келесі бірі.
«Шымкенттен Астанаға ғана ұшам. Бағасы 20 мыңнан басталады. Негізі бұл қымбат деп ойлаймын. Билет бітіп қалады негізі. Алдын ала алған дұрыс қой. Бір ай бұрын», – деді тағы бірі.
Ұлттық әуе тасымалдаушысы «Эйр Астана» жағдайдан әрине хабардар. Ұшу бағасы арзан болсын демеңіз, алдын ала қамданып билетті ертерек алыңыз дейді. Одан қалды, отандық компания мемлекеттен көмек болса деген пікірде.
«Әуе тасымалдаушылардың қызметін арзандату үшін тарифтерді түсіру туралы арнайы бағдарлама жасау керек. Оған билет құны, мөлшерлеме, әуежайлардан жинайтын қаржы кіреді. Сондай-ақ жұмыс көлемі артқан кезде адам аз ұшатын аймақтардағы әуе алаңдарын да қолдау, субсидия бөлу қарастырылуы керек. Тағы бір жеңілдік – Қазақстан ішінде қатынайтын ұшақтардың құн салығын нөл пайызға дейін төмендету керек», – деді «Эйр Астана» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Тілек ӘБДІРАХМАНОВ.
Сарапшылар арасында ұшақ иелерін қолдайтындар да бар екен. Экономист Сапарбай Жобаевтың пікірінше, мемлекет бағаны түсір десе, көмегін де аямауы керек екен.
«Негізінен бағаны төмендетуді мен қолдай қоймаймын. Себебі, ол – компанияда істейтін адамдарың айлығы. Біз ертең бағасын төмендедетін болсақ, олар ертең қызмет сапасын төмендетеді. Жақсы ұшқыштар кетіп қалады», – деді тәуелсіз сарапшы Сапарбай ЖОБАЕВ.
Авиотынды ел зауыттарынан еш делдалсыз алып отырған жеке компанияларды жауапты министр Роман Скляр сынға алды. Осыған дейін әуе байланысын жасайтын жеке компаниялардың баға қою саясатына қолдан келер шара жоқ болса, енді мемлекет мәселені реттеуге етене кіріспек.
«Алдымен компаниялардың бағаны күрт өсіруін бақылауға алу керек. Әсіресе, демалыс пен мейрам күндері әуе билет құны тым асып жатады. Біз бұл саладағы компанияларымен келісіп жатырмыз, бір мәмілеге келеміз деген ойдамыз», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман СКЛЯР.
Премьер-министр орынбасары Жеңіс Қасымбек күрмеуі шешілмей жатқан түйткілдің бір себебі - әуе отыны бағасының қымбатшылығы дейді. Ұшақ керосині өзімізде шығарылмайды. Бірақ үміт жоқ емес. Жалғыз лоукостер «FlyАрыстан» жыл соңына дейін рейстер санын 14 -тен 28 жиілікке дейін артатынын айтты. Одан қалды, «Эйр Астана» мен «Қазақ Эйр» әуе кемелері паркін арттыру үшін үкімет көмекстеспек. Тағы бір жаңалық, темір жол билеттерінің тапшылығын жою үшін жүйе цифрландырылмақ. Жауапты, жалғыз тасымалдаушы 100 вагонға артпақ.