Ол енді жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Сондай-ақ ол жәбірленушіге еркінен тыс қорлық көрсеткені үшін моральдық шығын төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сот үкімі оқылмай жатып-ақ жанжалмен басталды. Жабық режимде өтеді деп ойлаған 31 жастағы сотталушы үкімді тыңдауға жиналған журналистерді көріп, бірден айқайға басты. Өзін түсірмеуді талап етіп, күзеттегі полицейлердің жағасынан алды. Ал істі болған күйеуін жамандыққа қимаған әйелі, камераны қолымен көлегейлеп әлек болды. Сотталушы сабырға келмей, жиналғандардың барлығын қарғап-сілеген соң, судья оны залдан шығарып жіберіп, үкімді сосын ғана жария етті.
«Сотталушы А.Құрманәли жазаны қылмыстық атқару жүйесінің күзетімен барынша жоғары мекемеде өтесін. Оның жазаны өтеу мерзімі 15 мамыр 2019 жылдан бастап есептелсін. Жәбірленушінің талап-арызы жартылай қанағаттандырылсын. Сотталушы А. Құрманәлиден жәбірленуші Сартаеваға 300 мың теңге моральдық шығын өндірілсін», – деді Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының судьясы Тәкен ШӘКІРОВ.
3 жарым жыл жаза арқалаған Аслан Құрманәли осы көктемде 25 жастағы бойжеткенге тапа-тал түсте қорлық көрсеткен болатын. Бойжеткенді Медеудегі мейрамханаға тамақтануға шақырған ол кенет қыз дәретханаға кеткенде, артынан еріп кіріп, сол жерде зорлап тастаған. Қорлық көрген ару сол күнгі жағдайды ешқашан ұмыта алмайтынын айтады. Бүгінгі сот үкімі жығылғанға жұдырық болғандай.
«Бұдан да жоғарғы мерзім алғанын қалап едім. Себебі оның мені зорлағаны аздай, әйелі, туысқандары үйіме келіп, маған қоқан-лоқы көрсетті. Осы күнге дейін телефоныма тыным жоқ, бәрі жабылып, маған психологиялық қысым көрсетіп келеді. Осының барлығын ойласам, болашағым, өмірім үшін қорқамын», – деді жәбірленуші.
Өз өміріне алаңдаған бойжеткен сотталушыға тым жеңіл жаза берілді дейді. Ол бостандыққа ерте шығып, кек қайтара ма деп те қауіптеніп отыр. Айтуынша, бұған дейін күдіктінің туыстары шағымды қайтарып алуға қолқа салып, 120 мың теңге көлемінде ақша ұсынған көрінеді.
«Қысқа мерзім ішінде ол осымен жетінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр. Оның ішінде 3 рет зорлық жасағаны үшін сотталған. Бізде зорлық-зомбылық жасағандарға қатаң жаза қолданылмайды. Мұндай қылмыстың ауырлық дәрежесі біздің заңда тек орташа болып есептеледі. Бұл дұрыс емес. Заңды қатаңдатуды талап етеміз. Қолда бар дерек бойынша, Қазақстанда әр 3 сағат сайын бір әйел зорланады, күніне 2 балаға қорлық көрсетіледі. Сондықтан, мұндай қылмыс жасағандарды аямау керек. Олардың жазасын ауырлатып, шартты түрде бостандыққа ерте шығуына жол бермеу қажет. Сонда ғана біз мұндай сұмдықтың алдын алар едік», – дейді «Не молчи» қоғамдық қорының директоры Алмат МҰХАМЕДЖАНОВ.
Жәбірленуші тарап үкімге қайта шағым түсірмейтінін жеткізді. Тек, 7 рет сотталса да, бұған дейін мерзімінен бостандыққа ерте шығып жүрген сотталушының ісін сыбайластық жемқорлыққа жіті тексертуге бекініп отыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы