Жетісу ауданының тұрғындары қоғамдық көліктің жоқтығына наразы. Қаланың қақ ортасында тұрып, әрі бері қатынауымыз қиындап барады дейді. Тұрғындар алдағы қаһарлы қыс келе жатқанын ескерсек, мектеп пен балабақшаға бару уайымға айналама деп қорқып отыр. Бүгінде ауданда 1500-ге жуық автобус түрлі бағытта қатынағанымен, сұраныстың 50 пайызын ғана қамтиды. Бүгін Жетісу ауданының әкімдігі Ашық есік күнін ұйымдастырып, халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жетісулықтар үшін әлі де болса шешімін таппай келе жатқан басты проблемалардың бірі қоғамдық көлік. Мұнда халық саны жыл өткен сайын өскенімен автобустар саны әлі де болса жеткіліксіз. Ауданда мыңға жуық қоғамдық көлік қатынағанымен ол мәселені шешпейді.
«Осы жерден Айнабұлаққа барғанша жарты сағат жүреді балалар, сөмкелері ауыр. Бізге бір автобус болса. Осы сайда қаншама үй, қаншама оқушы бар. Соларға қиын болды. Әсіресе қыстың көзі қырауда», - деді бір тұрғын.
Ашық есік күнінде келгендер автобустардың арасы тым ұзақ десе, бірі тіпті бұрын аялдама болып, кейін алынып тасталғандарды қалпына келтірсе деген өтініштерін де айтты.
«Бұл мәселемен қалалық Мобильділік басқармасы айналысады. Олар да бүгін жиналысқа қатысты. Басқарма өкілдерінің айтуынша, келер жылы біздің ауданда жаңа 3 бағыт ашылады. Және тағы бір айта кетерлігі, жыл сайын жаңа автобустар сатып алынуда. Бұл аудандағы автобус мәселесін біртіндеп шешуге септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.
Одан өзге халықтың көкейіндегі тағы бір сауал - жарықтандыру. Бүгінде аудандағы көшелердің тең жартысында әлі де болса көше шамдары орнатылмаған. Ал, Аудан басшысы биыл төрт айдың ішінде 61 көшеге жарықшамдар орнатылғанын айтады.
«Қазір біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – қалған 61 көшені жарықтандыру. Егер осы 61 көшеге шамдар орнатсақ ауданымыз 100 пайыз жарықтандырылады. Бұл келесі жылдың еншісінде. Сонымен қатар, Райымбек, Сейфуллин мен Сүйінбай даңғылындарында реконструция жұмыстарын жүргізу қажет», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ..
Жетісулықтар мен әкімнің арасындағы жүздесуінде жалпы саны 52 адамнан 78 сұрақ қойылған. Оның басым бөлігі бүгінгі таңда шешіліп жатқан мәселерге қатысты. Аудан басшысы ешбір сұрақ елеусіз қалмайды деді.
Арнат Дүйсен, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы