Алаш арыстары тоғытылған түрме

Алаш арыстары тоғытылған түрме
Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Айтмауытов, Мұхтар Әуезов бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қарт тарихтың қанды бетіндей болған Кеңестік ішкі комиссариат түрмесінің орны табылды. Қуғын-сүргін жаңа басталған тұста Алаш арыстары тоғытылған бұл түрме бүгінге дейін ескерілмеген. Төле би көшесінің бойындағы азалы, ақтаңдақ жылдың ғимаратын көріп келген Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас толығырақ тарқатады.

«Алаштың адамының бәрі мәлім,

Кім қалды таразыға тартылмаған?». Қазақтың бес арысы –  Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бұл. Иә, заманында қаймана қазақтың қамы үшін ел мен жердің дауын бұлдаған, ұрпақтың болашағын ойлаған марқасқалар нақақтан нақақ жаза кешті. «Халық жауы», «Жапон тыңшысы» сынды айыптардың негізсін екенін тарих өзі-ақ ақтап алды.  Ал біз сол азаматтардың табаны тиді тиген түрменің орнын көрдік.

Біз келген мына орында бір кездері кеңестік ішкі істер халық комиссариатының түрмесі болған. 1928 жылы бұл жерде қазақ интеллигенциясының өкілдері қамауда болды деген мәлімет бар. Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Айтмауытов, Мұхтар Әуезов пен Мұхамеджан Тынышбаев бар.  

Ел тарихының елеулі кезеңімен байланысты болса да, қазір бұл орын әдеттегі қала көшелерінің бірі. Дүкендер, автотұрақтар мен көлік жөндеу орталықтарына айналған. Бірнеше жыл бұрынғы мына сурет сол түрменің терезесі еді. Қазір өзгерген. Ал бұл – түрменің ішкі көрінісі. Сол сұрапыл саясаттың жан ауыртар ақиқаты сақталған орын қазір жекеменшікте.

«Алаш қайраткерлерінің бәрі жоғарғы оқу орнын бітірген, білімді адамдар болатын. Сондықтан оларды қызметке ала бастады да, бірақ 1928 жылы алғашқы Алаш орданың Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулаттар бастаған 40 адамды түрмеге қамады. Сол түрме қазіргі Алматы қаласындағы Төле би көшесі 228-үй деген мәліметті берген Мұхтар Әуезовтің қызы, өзі барып-көріп жүрген Мұғамила апай болатын. Содан қалды», – деді Республикалық саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы.

Ал 1934 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын қазіргі Наурызбай батыр көшесіндегі түрмеге қамаған. Қабырғасына қазақ арыстарының қаны қатқан мекемеде азаматтар жазықсыз жапа шекті, жан тапсырды. Азалы тарихтың куәсіндей болған бұл орын бүгінде қонақ үй. Жалпы, айтуға ауыз бармайтын ауыр азаптан 125 мыңға жуық азамат сталиндік репрессияның құрбаны болған еді.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров