Алматыда баласының басын таспен ұрып, жол бойына тастап кетті деп айыпталған әкенің соты басталды

09.04.2019 01:20

Ол қылмыс жасауға қасақана оқталып, кішкентай баланы өлім аузына тастап кеткені үшін заң алдында жауап береді

Алматыда «өз ұлын таспен ұрып, жол бойына өлімші етіп тастап кетті» деп айыпталған әкенің ісіне қатысты сот басталды. Күдіктінің қамақ мерзімі қайта-қайта ұзарып, тоғыз ай бойы тергелген шулы істі судья Еркін Майшинов қарайды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сотталушы – 33 жастағы Мұрат Асқароғлы. Оған екі бірдей бап бойынша айып тағылған. Яғни, ол қылмыс жасауға қасақана оқталып, кішкентай баланы өлім аузына тастап кеткені үшін заң алдында жауап береді. Бұған дейін сотталушы өзіне шаң жуытпай, тағылған айыптармен келіспеген еді. Ол тіпті, тергеушілер қысым көрсетіп, қылмысты еркімнен тыс мойындатты деп жыларман күйге түскен. Бүгін де Асқароғлы алғашқы сөзінен танбады. «Туған балама қиянат жасауға қолым бармайды» деп, сот басталмай тұрып өзін босатуды өтінді.

«Мен кінәлі емеспін! Мұндай әрекетке барған жоқпын. Мен балаларымды жақсы көретін қамқор әкемін! Көшедегі қаңғыған жануарларға да жаным ашып, оларды тамақтандырып жүретінмін. Сонда мен қалай мұндай опасыздыққа барып, өз ұлымды ұрамын? Кінәлі емеспін», - деді сотталушы Мұрат АСҚАРОҒЛЫ.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр жазда Шығыс айналма тас жолының бойындағы тал түбінде ес-түссіз жатқан 4 жасар бүлдіршін табылған болатын. Бастапқыда полицейлер баланы көлік қақты деген болжаммен, жоқ жүргізушіні ұзақ іздеген еді. Артынша, баланың туған әкесі «мазамды алған соң ұрдым» деп кінәсін мойындаған. Осыдан соң, Мұрат Асқароғлының қолына кісен салынып, абақтыға қамалды. Енді тергеу аяқталып, сот басталғанда сотталушы бастапқы сөзінен тайып, мұндай іске бармадым деп азар да безер болып отыр.