Қазір мұнда 3 пен 15 жас аралығындағы сал ауруына шалдыққан 42 бала бар
Бақытжан Сағынтаев мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға арналған «Мейірім» орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір мұнда 42 бала бар. Негізі кешен 3 пен 15 жас аралығындағы сал ауруына шалдыққан, сонымен қатар, сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар және Даун синдромымен ауыратын жеткіншектерге арналған. Мұнда түзету және дамыту, психологиялық-педагогикалық көмек, массаж, физиотерапия кабинеті, әлеуметтік және еңбекпен оңалту, музыка, өнер және ойын-сауықтыру қызметтері бар. Орталықтың тағы бір ерекшелігі, мұнда әр баланы оңалту мен дамытуға арналған жеке даму жолы әзірленеді.
«Кешен 60 балаға шақталған. Ерекше көңіл бөлуді қажет ететін балаларға психолог, невропатолог, логопед, педиатр, дефектолог және басқа да мамандар жан-жақты көмек көрсетеді. Кешен аумағында тепе-теңдік ұстауды дамытатын, жалпы және ұсақ моториканы, визуалды бейнелерді, әлеуметтік және топтық ойын дағдыларын дамытуға көмектесетін Қазақстандағы жалғыз инклюзивті ойын алаңы бар», – деді «Мейірім» мүмкіндігі шектеулі балаларға және жасөспірімдерге арналған оңалту орталығы» жекеменшік қорының директоры Әмина ӨМІРӘЛИЕВА.