Nur Otan-ға қоғам алдына шығып есеп беретін тұлғалар керек – сарапшылар

29.01.2022 01:30

Алматылық депутаттар партияның бүгінгі съезінде қабылданған өзгерістерді қолдайды

Саясаттанушы Қазбек Майгельдинов кешегі қаңтар оқиғасында біздің қоғамда сөзі өткір, қолдаушысы бар мықты азаматтар көп екенін көрдік дейді. Алайда сол жандар Nur Otan партиясында байқалмады деген пікірде. Сондықтан партияға қоғам алдына шығып есеп беретін адамдар керек екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

«Кез келген партия сайлауға түскеннен кейін олардың басты мақсаты билікке келу болады. Жарайды, билікке келсін, енді ары қарай қызмет көрсету үшін сайлауалды уәделерін жүзеге асыруы тиіс емес пе? Осы мәселе жайында Президент «70 пайызын орындадық деп сіздер маған бердіңіздер» деді. Бірақ ол уәде қаншалықты сапалы түрде орындалды деген сұрақ туады. Сондықтан бүгінгі таңдағы Nur Otan партиясының ішкі құрылымын өзгерту бір бөлек. Одан кейін істеген ісінің нәтижесін көрсету екінші мәселе болып отыр», - деді саясаттанушы Қазбек Майгельдинов.

Алматылық депутаттар партияның бүгінгі съезінде қабылданған өзгерістерді қолдайды. Азаматтық сектордың саяси сектордан басым түсуі ел арасындағы мәселелерді шешуде үлкен рөл атқарады деген пікір білдірді.   

«Мемлекет басшысы «Nur Otan партиясы аясында құрылған қоғамдық кеңестер ашық алаңға айналуы тиіс, олар түрлі мәселе шешуге белсене араласуы керек» деді. Алматы қалалық Nur Otan партиясы филиалының экология бойынша қоғамдық кеңесі үнемі партияға мүше емес экологтармен тығыз байланыста әрі Алматыдағы экология мәселесіне белсене қатысады», - деді қалалық мәслихат депутаты Алтынай Көбеева.