Қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша инфрақұрылымдық жобаларда жұмыс орындары құрылатын болады
Алматыда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 26 мың қала тұрғыны жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды Almaty.tv қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша инфрақұрылымдық жобаларда жұмыс орындары құрылатын болады. Айта кету керек, бұл жұмыстардың іске асырылуы карантин кезеңінде де тоқтамаған еді.
Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 214 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Мұнда 26 мың жұмыс орны ашылады.
Атап айтқанда, 9 мектеп, жұмыс істеп тұрған мектептерге қосымша 13 құрылыс нысанын салу және 520 орынға арналған 3 балабақшаның құрылысы басталады. 95 балабақшаға жөндеу жұмыстары басталады. Сондай-ақ №7 қалалық аурухананы тағы 64 төсекке кеңейту жоспарлануда.
Бірқатар жобалар инженерлік-көлік инфрақұрылымын, ТКШ желілерін кеңейту мен жаңғырту, аумақтарды абаттандыру мақсатында іске асырылатын болады. Мысалы, Наурызбай ауданында сумен жабдықтаудың жаңа желілерінің құрылысы басталады. Сондай-ақ Алатау ауданының төрт ықшамауданында және Түрксіб ауданының бір ықшамауданында жол құрылысы басталады.
Бүгінде барлық аудандардағы жолдарда орташа және ұсақ жөндеу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, 363 аулаға күрделі жөндеу және қоғамдық аймақтарға абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске асырылғаннан кейін жаңа нысандардың құрылысы есебінен 2045 жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылады.