Жалпы елімізде соңғы 5 жылда 13 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз жоғалыпты. Мұндай көңіл көншітпейтін мәліметті Құқықтық статистика комитеті мен еліміздің бас прокуратурасы таратты. Тиісті ведомствоның мәліметіне сәйкес, іздеу салынған жандар көп жағдайда еріктілердің көмегімен табылатын көрінеді. Былтырғы жылдың өзінде белсенді жастар үйінен шығып, қайтып оралмаған 190-ға тарта адамды табуға септескен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Статистика бойынша, 2015-2019 жылдар аралығында жалпы 13 мыңға жуық адам іздеуге жарияланған болса, оның 1000-нан астамының денесі табылыпты. Ал былтырғы жылы 2500-ге жуық қазақстандық хабар-ошарсыз кеткен. Осы 5 жыл ішінде 92 жеткіншек үйінен кетіп, қайта оралмаған. Дерек көздеріне сүйенсек, көбіне ер адамдар із-түзсіз жоғалады екен. Мәселен, өткен жылы 186 ер азамат, 65 әйел адам табылмаған. Адам іздеу ісімен Лидер.кз еріктілер қозғалысы етене таныс. Еліміздің 30-дан астам қаласында бұл ұйымның филиалы бар.
«Алдымен адамның жоғалғандығы туралы ақпар келіп түседі. Мұнымен айналысатын арнайы адамдарымыз да бар. Олар ақпарат жинап, қоңырау соғады. Іздеу салынған жанның үйінен қашан шыққаны, қайда барғаны, шамамен қай ауданда соңғы рет болғаны, бәрі тұтас анықталады. Артынша, бірден іздеу тобы құрылады. Егде адамдар мен балалар жоғалса біз бірден іздеуге шығамыз. Бұл ретте полиция қызметкерлерімен үнемі байланыста жүреміз», – деді Lider.kz еріктілер қозғалысының үйлестірушісі Дильмира БЛАЦ.
2019 жылдың өзінде Лидер.кз белсенділері 190 адамды табуға көмектесіпті, биыл 19 азаматты іздестіру үстінде. Еріктілер құрамында қазір 80 адам бар. Олардың қатары күн санап артып келеді.
«Лидер.кз» еріктілерінің парақшасына жазылдым. Олардың жұмыс жасағаны қатты ұнады. Содан сол топтың үйлестірушісін тауып алып, сол ұйымға мүшелікке кірдім. Биылғы жыл - еріктілер жылы емес пе?! Сол себепті ерікті-жастардың осындай игі істерге көптеп атсалысуын қалаймын», – дейді ерікті Евгения МАКОВЕЦКАЯ.
Осыдан 4 жыл бұрын Александр Бочаровтың бауыры Валерий Харланов жоғалған болатын. Алматы облысының тумасын іздестіруге бәрі атсалысқан, олардың арасында еріктілер де болған. 8 ай өткеннен кейін, Валерий Харланов өлі күйінде табылған. Александрдың айтуынша, ағасына іздеу салынған кезден бастап бұл іске алғашқылардың бірі болып осы ерікті жастар белсене кіріскен еді дейді.
«Еріктілердің көмегімен біз ұдайы ақпарат таратып отырдық, бір-бірімізбен байланыс жүргізіп отырдық. Осы белсенді жастардың, бұқаралық ақпарат құралдарының арқасында таптық», – деді В. Харлановтың бауыры Александр БОЧАРОВ.
Жоғалған адамды дер кезінде іздестіріп, бұл істі дереу қолға алса, мұндай жағдайлардың 90 пайызы сәтті аяқталады екен. Ал биылғы 2020 жыл «Еріктілер жылы» болып жарияланды. Демек, әрбір отандасымыз жақсылықтың жаршысы бола алады.
Сая Меңдеке, Рамина Мирзалимова, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы.