Өркениеттің ең басты дерті – зерігу
Бүгінде көзге оғаш, құлаққа ауыр тиетін видеолар әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Жеткіншектер лайк пен комментарий үшін ұятты ысырып қойып, танымал болғысы келетін сияқты. Әлеуметтанушылар осылай ойлайды. Олардың әрекеттері бір топтың ашуын туғызса, енді бірі қолдап жатыр. Жалпы хайп жасау әдеп пе, әлде үрдіс пе? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын сұраққа жауап іздеп көрді.
Үлкен адамның бетіне торт жаққан бұл бейнекөрніс әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызды. Оқиға Атырау облысында болған деген пікірді Жылыой ауданы әкімінің кеңесшісі Ербол Шымырбай жоққа шығарды. Бірақ ерсі қылыққа ел түрлі баға берді.
БЛИЦ:
- Ата-анасына деген сыйластығы мықты болса, олай жасамайтын еді ғой. Сол үшін ол бастан дұрыс тәрбиелеу, балаға дұрыс тәрбие беру, дұрыс бағыт-бағдар беру кішкентай кезінен сол маңызды деп ойлаймын.
- Ол деген дұрыс емес қой. Ол деген үлкенге құрмет деген нөл. Өзбекстанда болған нәрсе деп жазды енді кеше. Қай жерде болса да, дұрыс емес енді.
- Тап балам солай істесе, маңдайын жарар едім.
Желінің жетім өкпесін желпілдеткен мұндай сорақы видеолар ғаламторда қаптап жүр. Бұл соның бір мысалы ғана. Әлеуметтанушы Диана Исақызы жастардың ерсі қылықпен желігуі зеріккеннен болады деп отыр. Себебі өркениеттің ең басты дерті – зерігу, дейді ол.
«Қоғамдық мораль нормаларын бұзып, кейде, тіпті, заңды бұзып, сол арқылы жанжал тудырта алатын болсаңыз, онда сіз нағыз хайп жасай алатын адамсыз. Яғни, хайп бұл арзан әрі жеңіл жолмен танымалдылыққа ие болу тәсілі», – деді әлеуметтанушы Диана Исақызы.
Бүгінде танымал болу тәсілі хайп жасау делік. Ал бұрын ше? Бұрын да ел танып, халық арасында сері атанған азаматтар қалай абырой жинаған еді. Атың шықпаса, жер өртенің кері ұлттық тәрбиеге әсер етіп жатыр, дейді ақын Бақыт Беделхан. Қазір баланы ата-анамен бірге қоғам да жарыса тәрбиелеп жатқанын айтады. Бала сыртта не көрсе, үйінде соны жасайды деген пікірде.
«Артық қыламын деп тыртық қылып, күлдіремін деп бүлдіріп, осы бір сан мың жылдардан бері қалыптасып келе жатқан ұлттық тәрбиеміздің тамырына балта шабу. Соның нәтижесі көрініс беріп жатыр. Тәрбиенің кері әсері, қатты айтсам ренжеме: бал мен боқты ажырата алмай жатқан балалар қазір», – деді ақын Бақыт Беделхан.
Хайп жасау қазір әлемдік тенденцияға айналып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл өз бағыты мен болмысын өзгертуі мүмкін, десе де оны қоғамнан түбегейлі жою мүмкін емес дейді. Алайда зиялы қауым өкілдері бұл әдіс қайдан келсе де, қазақтың діліне жат деген пікірде.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы