Құрылыс материалдарының қымбаттауы білім беру және денсаулық сақтау объектілерін салу мерзімдерін ауыстыруға себеп болды. Мұндай шешім «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дегенмен, партияның сайлауалды бағдарламасын Алматы қаласы бойынша сәтті жүзеге асыру үшін биыл 5 мектеп ашу жоспарланып отыр. Олардың әрқайсысында 450-ге жуық құрылысшы жұмыс істейді. Бұл ретте, мәслихат депутаты Райхан Бөлекбаева жобалау-сметалық құжаттаманы түзету қажеттігіне назар аударды, өйткені мегаполистің салынып біткен бірнеше мектебінде акт залдары мүлдем жоқ, ал олардың қызметі спорт залдарына жүктелген.
Бұдан бөлек, салынып жатқан медициналық мекемелерге қатысты студент-практиканттарды оқыту үшін жеке бөлмені қарастыру ұсынысы да айтылды.
«Бүгін біз маңызы бар ұсыныстарды әзірледік, оларды орындау үшін міндетті түрде тиісті мемлекеттік органдарға жібереміз», – деп атап өтті Кеңес төрағасы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Болат Садықов.