Бүгін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. 28 маусымды атаулы күн ретінде ел Президенті 2019 жылы ресми түрде бекіткен болатын. Халыққа жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат беру қажырлы ұжымдық еңбекті талап етеді. Ақпарат саласының дамуына Алматы телеарнасы 22 жылдан бері үлес қосып келеді. Тілшілік-тіршілік кадр сыртында қалай өрбиді? Толығырақ Almaty.tv тілшісі баяндайды.
Оқиғаның ізін суытпай хабар тарату үшін һәм халық біле бермейтін тұстарды кадрде көрсету кезінде тілшілер қауымы біраз әбігерге түседі. Барған жерден барынша мол мағлұмат жинап, жағдайдың ақ-қарасын анықтауға тырысады. Әсіресе «Жаңалықтар» бөлімінде тілшілік өмір қайнап жатады.
Дәл осы жерде тілшілердің ойы, бар жиған-терген ақпараты қағаз бетіне түседі. Санаулы сағаттардың, кейде тіпті, санаулы минуттардың ішінде сапалы, шынайы, қызықты материалдар дайындалып жатады. Сырттан қараған көрермен үшін телеэкран бірқалыпты құбылыс сияқтануы мүмкін. Бірақ оның арғы бетінде талай адамның еңбегі бар.
«Тікелей эфирдің қиыншылықтары өте көп. Оның барлығын дер кезінде есептей білу керек. Уақытында шара қолданып, бірге істеп отырған әріптестермен келісе отырып, көрерменге білдіртпей, тігісін жатқыза отырып, ақпаратты қызықты етіп жеткізе білу керек»,‒ деді режиссер Маржан Қанай.
«Бір кішкентай ғана материалды түсіру үшін ондаған адамның жұмыс істеуіне тура келеді. Өйткені ол тек қана продюсердің, редактордың, сценаристің, оператордың ғана жұмысы емес, сонымен бірге көзге көрінбейтін режиссерлардың, олардың көмекшілерінің, дизайнер, әрлеушілердің, дыбыс режиссерлерінің барлық мамандардың бірлескен жұмысының нәтижесі», ‒ деді «Алматы» ТРК бас директоры Нұржан Мұхамеджанова.
«Журналистің жегені ‒ жантақ, арқалағаны ‒ алтын» деп белгілі жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай тілшілердің қоғам алдындағы жауапкершілігі қашан да зор. Әсіресе жаһан болып дертпен күресіп жатқан тұста журналистердің ақпарат таратудағы рөлі айқындала түсті. «Халықтың құлағы, көзі һәм тілі» болған Алматы арнасының қызметкерлері пандемия кезінде басын қатерге тігіп ауру ошағынан хабар таратты.
Мұндай қауіпті жерлерде тілшілермен қатар операторлар да жанкешті жұмыс атқарады. Материалдың көрінісі әдемі шығуына таспагердің алған сәтті ракурстары мен мол кадрлары көп әсер етеді.
«Жақсы кадрларды алуға, көрсетуге тырысамыз. Журналистермен бірге коронавируспен ауырып жатқан орынға кірдік. 4 сағат бойы ішінде жүрдік, түсірдік. Халыққа бәрін көрсету үшін тырыстық», ‒ деді оператор Сағынғали Мұңайтпасов.
Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде телевизияның орны ерекше. Технология қанша қарыштап дамып жатқанымен, тележурналистиканың дәстүрлі түрі әлі де халыққа ыстық.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы