Алматыда жыл басынан бері 132 мың адам әлеуметтік көмек алды. Тек соңғы 7 айда 22 мыңнан аса аз қамтылған азаматқа 1,1 миллиард теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. Одан бөлек, көпбалалы аналарды қолдайтын «Бақытты отбасы» және «Іскер ана» жобаларына қатысушылар өз кәсібін бастауы үшін 757 тегін грант бөлініп отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
39 жастағы Айжан Жүсіпқызының мамандығы - мұғалім. Алайда, 4 перзенті бар келіншек ұзақ уақыт жұмыссыз болғанын айтады. «Бақытты отбасы» бағдарламасының тегін оқу курстарына қатысып, 505 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болған. Қазір өзі секілді келіншектерге қызмет көрсетеді.
«Үйде де отырғаннан жалығасың. Бірінен кейін бірі, кішкентай-кішкентай. Алдым да келдім, ашылды деп жатыр. Ұнады, балаларды мұнда кіргізіп жібересіз. Курстарды оқисыз. Кәдімгідей «мотивация» дейді ғой. Сондай болып, үйге кеткім келмеген шыны керек мына жерге келгенде. Қазіргі аналар да келсе айтады, шыққымыз келмейді деп. Енді солардың алғашқысы өзім болғанмын, басымнан өтті», – деді көпбалалы ана Айжан Қошқарова.
«Бақытты отбасы» орталықтары аналардан бөлек, көпбалалы әкелерге де қолдау көрсетуде. Бүгінге дейін 37 ер адам арнайы курстарды аяқтап, оның 15-і тұрақты жұмыспен қамтылыпты.
«Биыл жаңа форматта біз аналарды ғана емес, әкелерді де алдық. Әкелерге жаңағы автосалонды тігу, барбершоп, кейін телефон жасау деген секілді курстар ұйымдастырылып отыр. Азық-түлік дүкені және цех ашылды. Тигрохауд, Сарыарқа базарларында және Түрксіб ауданында «Бақытты отбасы», «Іскер ана» дүкені ашылды», – деді қалалық «Бақытты отбасы» орталығының үйлестірушісі Әсем Байділданова.
2019 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында «Іскер ана» жобасы да іске қосылған еді. Бүгінде бұл игі бастаманың қолдауымен 757 қыз келіншек грантқа ие болып, өз кәсіптерін бастаған. Тек Медеу ауданындағы орталықта 30 келіншек 3 көрмеге қатысып, өздері жасаған 3 миллионға жуық өнімді сатып, табыс тапқан.
«Жылдың басынан бастап, біз 67 ананы тігін курсынан өткіздік. Оның тең жартысы бізде «Атамекен» бағдарламасына қатысып, «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, қазіргі таңда 14 ана грант иегері атанып отыр. Мемлекеттен қолдау көріп отырған аналар өздерінің рахметі ретінде 30 шақты кішкентай нәрестелерге арналған наборларын дайындап қойды. Көмек ретінде роддомдарға таратуға дайындалып отырмыз», – деді Медеу аудандық «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Толқын Сәметова.
Бүгінде Алматы қаласында барлығы 24 мың 426 көпбалалы отбасы бар. Оның 4 мыңға жуығы «Бақытты отбасы» орталығына тіркелген. Күніне 725 адам қызмет алады екен.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы – өте жақсы бастама. Жоба аясында 35 мың адам ақпараттық кеңес алды, 3200 адамға әдістемелік-заң бойынша көмек көрсетілді. 30 мың адам базалық тренингтерден, оқыту курстарынан 4000 адам өтті», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева.
Жалпы жыл басынан бері қала халқының осал топтарын әлеуметтік қолдауға 30 миллиард теңгеден аса қаржы бөлініп, нәтижесінде 132 мың адам әлеуметтік көмекке ие болған.
Аяулым Көлжігіт, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы