300 мың теңге шығын: бұралқы иттер үй құстарын талап тастаған

05.02.2025 20:12

Учаскелік полицейлер иттің иесіне айыппұл салды

Жетісу облысының Көксу ауылында бұралқы иттер қорадағы малды талап, үй құстарын ту талақай еткен. Тіпті бір үйдің ауласынан отыз шақты құсты бір-ақ  қырып кеткен. Тұрғындар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Ирина Пактың қорасы бір-ақ күнде босап қалған. Жуырда оның аулада жүрген үй құстарын иттер қырып тастапты. Құс өсіріп, оны сатып күнін көріп отырған келіншек жаздан бергі еңбегім еш кетті деп қапалы. Оның айтуынша, арам қатқан отыз шақты қаз бен үйректі асырауға біраз шығындалған. 

"Шамамен 300 мың теңгенің көлемінде шығын шықты. Ірі сұр тұқымды үйректер де бар. Енді маған оны кім өндіріп береді? Қоршауымды да, қораны да мықтап бекітіп қойғанмын. Таңертең құстарды аулаға шығарып, үйге кіргенім сол еді, шулаған дауысты естіп, қайта шықсам  бір топ ит жайратып тастаған", – деді Көксу ауылының тұрғыны Ирина Пак.

Учаскелік полицейлер Ирина Пактың құстарына шабуыл жасаған  ит иесін анықтап, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған. Шығынды сот арқылы өндіріп алуға болады. Ең сорақысы, аядай ауылда бұралқы иттер үй құстарын қойып, қой-ешкіге де ауыз сала бастаған көрінеді. Тұрғындар «мектепке бара жатқан балаларға да шабуылдаған жағдай болды, абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ» дейді.

"Біздің малды қол-аяғын бөліп тастаған. Көміп тастадық, уческелік полицейге айттық. Балалар  мектепке барады, алаңдаймыз. Көп иттер бос жүреді. Көшеде  үлкендердің өзін қауып, қуалайды", – деді  Көксу ауылының тұрғыны Меруерт Маратова.

Ал ветеринария мамандары ауылда бұралқы иттердің аз екенін, ит асырап отырған  азаматтармен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Өкініштісі әзірге иесіз иттермен айналысатын орталықпен әлі келісімшарт жасалмаған. Демек, мәселенің бүгін-ертең шешілеріне күмән бар.   

Меруерт Сабыртай, Мирас  Анитов, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Заңсыз сауда: Алматыда 21 дүңгіршек сүрілді