Заңсыз сауда: Алматыда 21 дүңгіршек сүрілді

Ретсіз сауданы тоқтатып, қала келбетін жақсарту үшін арнайы комиссия құрылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда заңсыз сауда нүктелері сүріліп жатыр. Мегаполисте мемлекеттік жерге рұқсатсыз орнатылған 200-ге жуық сауда орнын алып тастау шаралары қолға алынды. Ретсіз сауданы тоқтатып, қала келбетін жақсарту үшін арнайы комиссия да құрылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполисте заңсыз сауда орындарын жою жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соңғы екі күнде рұқсатсыз қойылған 21 дүңгіршек сүрілді. Әуезов ауданында 2, Алатау ауданында 4 нысан алынып, гүл, балмұздақ пен көше тағамдарын сататын орындар бұзылды.

Саялы шағынауданы, №11 үй маңындағы заңсыз сауда нүктелері инженерлік-коммуникациялық желілерден ажыратылып, арнайы техникамен шығарылды.  Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полиция департаменті мен аудан әкімдігі бірлесіп жұмыс істеуде.

"Саялы шағынауданында орналасқан заңсыз орнатылған дүңгіршектерді қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, алып тастау жұмыстары жүріп жатыр. Қазір электр желілерінен ажыратылып, тиісті орынға жіберілетін болады", – деді Кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бөлімінің бас маманы Абылай Сұлтанбаев.

Ал Жетісу ауданының Көкжиек шағынауданында да заңсыз сауда орындары жойылып жатыр. Мұнда көкөніс пен нан өнімдерін сататын дүңгіршектер алынып, аумақ ретке келтірілді. Тұрғындар бұл бастаманы құп көреді. Себебі бей-берекет сауда қала көркін ғана емес, аумақтың ажарын бұзады.  

"Көзге оғаш көрінетін дүңгіршектерді алып тастағаны дұрыс деп есептеймін. Өйткені заманына сай,кең, таза әрі әдемі аула болғанын қалаймыз", – деді қала тұрғыны Әбзелхан Ажмолдаева.

Еске сала кетейік, мемлекеттің меншігіндегі жерлерге қойылған заңсыз сауда нысандарын жою жұмыстары әлі де жалғасады. Қала билігі 157 стационарлық емес сауда орнына 142 заңды нүкте белгілеп, кәсіпкерлерге ресми аукцион арқылы өз кәсібін заңдастыру мүмкіндігін ұсынып отыр. Сауда мәдениетін қалыптастыру мен қала көркін сақтау мақсатындағы бұл шаралар ретсіз сауданы азайтып, кәсіпкерлерге заңды негізде жұмыс істеуге жол ашпақ.

Мәди Мәлік, Ялкунджан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Заң мен тәртіп: Алматыда Антикор өкілдері ТЖД қызметкерлерімен кездесті

Новости партнеров