Байқауда әр аймақта үздік деп таңылғандар республикалық деңгейде бақ сынайды
ҚМДБ Алматы облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында ІІ Республикалық «Ақ бата» байқауының облыстық іріктеу сайысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Облыс көлемінде өткен шараға 9 аудан мен қаладан сөзге шешен аузы дуалы ақсақалдар қатысты. Ережеге сәйкес берілген батаның қазақи дәстүрге негізделуі, шариғат шеңберінен шықпауы, қазақ тілінің тілдік ережелерінің сақталуы, бата берушінің қолын жаюы, өзін ұстауына баса назар аударылды. Мұндағы мақсат – қазақ халқының бата беру дәстүрін, ұлттық құндылықтарының бірі ретінде кейінгі ұрпаққа үлгі ету, қазыналы қариялардың бойындағы асыл қасиеттерін дәріптеу арқылы балаларды имандылыққа, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеу.
Тартысты өткен байқауда 1 орынды Талғар ауданынан Ауған Нүсіпжанұлы жеңіп алды. 2 орын Еңбекшіқазақ ауданынан келген Барат Алиакбарұлына бұйырды. Ал 3 орынды Алтау қаласының тұрғыны Мұрат Дүйсенбіұлы қанжығалады. Бата беру байқауының жүлдегерлері арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, дәстүрлі түрде өтетін байқауда әр аймақта үздік деп таңылғандар республикалық деңгейде бақ сынайды.
Оқи отырыңыз: Жаңару күні: Алатау ауданында үш мыңға жуық көшет отырғызылады