Даудың басы болған мердігер ұшты-күйлі жоқ болып кеткен
Ақтауда баспана кілтіне қол жеткізе алмай жүрген бір топ салымшы бас көтерді. Олардың айтуынша, 2023 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға берілуі тиіс үйдің әлі күнге дейін құрылысы аяқталмаған. Екі жылы күтумен өтіп, әр жерден пәтер жалдап, жан бағып жүргендер "бұдан артық күте алмаймыз" дейді. Ал даудың басы болған мердігер ұшты-күйлі жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңадан бой көтерген үйдің салымшылары қоныс тойын тойлайын десе, пәтер кілтіне қол жеткізе алмай әлек болып жүр. Негізінде, бұл тұрғын үй кешені 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда құрылыс жұмыстары әлі бітпеген. Салымшылардың қатарында 100 пайыз төлем жасап тастағандар да бар. Солардың бірі - зейнеткер Балкенже Сүйіндік. Ол қазір отбасымен пәтер жалдап жүр.
"1-2 тоқсан бізге бересіздер, құрылыс солай» деді. Біз жақсы деп оған да келістік. Одан бері 2023, 2024 жылдар өтті, міне, 2025 жыл да келдік. Бұл қашан бітетін үй? Әр жерде пәтер жалдап, қаңғырып жүрміз. Жалғыз үйімді сатып, осыған салдым", - дейді салымшы Балкенже Сүйіндік.
Ал Жұмабибі Құттығұлова пәтер құнының 60 пайыз қаржысын құйып тастаған. Қолында құжаттары мен барлық түбіртегі бар. Ол жауапты компания басшысының алдына бірнеше рет барып, құр уәдесін алудан шаршадым деп отыр. "Әне-міне бітеді деп табалдырықтан ары аттатпайды" дейді ол.
"Біз өтіріктен шаршадық. 2023 емес, 2024 жыл да бітіп қалды. 2025 жыл басталды, біз сонда осылай бала-шағамызбен пәтер жалдап жүре береміз бе? Құрылыс қашан бітеді? Бұл өтіріктің арты қашан аяқталады? Мұны қарайтын бір жауапкершілік бар ма? Менің талабым тезірек орындалсын деймін! Үйдің кілтін наурыз айында берсін!" - дейді салымшы Жұмабибі Құттығұлова.
Ел мұңын естіген соң, мердігер мекеменің басшылығына хабарласып көрдік. Кері байланыс болмады. Әлеуметтік желі арқылы да фото жіберіп, құрылыс маңына келуін сұрадық. Жауап жоқ.
Ал әкімдікке қарасты Сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы бұл кәсіпкер құрылысқа қатысты құжаттарын рәсімдеген деп мәлімдеді. Бірақ сол құжаттың өзінде де шикілік бар көрінеді. Жергілікті билік тарапынан кәсіпкерге бірнеше мәрте ескерту берілген, бірақ азамат оны да елемепті.
"Ертең уақытында аяқтаған жағдайда да құрылысты, тапсыру қиын болады. Тұрғындардың мәселесі бойынша айтсам, бұл кәсіпкермен тұрғындар арасында келісімшарт болуы тиіс еді. Ал кәсіпкерге «құрылысты мына уақытта бітір» деп міндеттей алмаймын. Сәйкесінше, тұрғындар азаматтық тұрғыда сот органдарына шағымдану арқылы ақшасын өндіре алады немесе құрылыстың аяқталғанын күтеді", - деді Мемлекеттік сәулет, құрылыс және қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы Қуандық Аманқосұлы.
Шағым айтқан көпшілік үйдің тез біткенін қалап отыр. Егер мәселе осы қалпында жалғасатын болса, арнайы құзырлы органға шағымданамыз дейді жұрт.
Айта кетейік, Ақтауда 35 үй заңсыз салынып жатыр. Басқарма тарапынан сотқа шағым түсіру, заң аясында тиісті шара қабылдау да жалғасын табуда. Мамандар заңсыз құрылыспен күресті әлі де жалғастырамыз дейді.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, "Алматы" телеарнасы, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында ірі кәсіпорындарға 3 млрд теңге артық салық салынған