Ақтаудағы ұшақ апаты: тергеудің алдын ала есебіне қатысты сарапшы пікірі қандай

Ботагоз Жокенкызы

Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрлігі Қазақстан әзірлеген алдын ала есепке қатысты мәлімдеме жасады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтау маңында құлаған Әзірбайжандық AZAL ұшағын сырттан тиген бөгде заттар тесіп өткен. Көлік министірлігі жариялаған алдын ала есепте осындай дерек бар. Құжатта әуе кемесінің артқы және төменгі бөліктерін белгісіз металл затының зақымдағаны жазылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көлік министрлігі 25 желтоқсанда болған Azerbaijan Airlines ұшағының апатына қатысты тергеудің алдын ала нәтижелерін жария етті. Баяндама 53 беттен тұрады. Құжатта Баку мен Грозный арасындағы рейсте Embraer 190-ның техникалық ақауы болмағаны, яғни ұшақтың толық жарамды күйде ұшқаны мәлім болды. Есепте әуе кемесінің тек Ресейдің әуе кеңістігінде GPS сигналдарын жоғалтып, қолайсыз ауа райынан қона алмағаны жазылған. Сондай-ақ ұшқыштардың кабинасында 24 секундтық интервалмен сырттан екі ультрадыбыс тіркелген. Егжей-тегжейлі зерттеу әлі де жалғасып, жан-жақты қаралып жатыр.

"Біз бұл туралы Әзірбайжан Республикасынан, Ресей Федерациясынан және Бразилиядан, өндіруші ел ретінде ИКАО-дан халықаралық мамандардың тартылғанын айттық. Бұл өте терең, сараптамалы жұмыс. Мен ақпаратпен таныстым, комиссия күн сайын менің басшылығыммен жұмыс істеуде, қазір соңғы кезеңдеміз", – деді ҚР көлік министрі Марат Қарабаев.

Есепте әуе кемесінің бөліктерінен көп мөлшерде бөгде элементтердің анықталғаны айтылған. Бұрын жарияланбаған мына суреттер соның дәлелі. Әзірге аталған бөгде заттардың не екені туралы нақты мәлімет жоқ. Белгілісі - Фюзеляждың құйрық бөлігінде, тік қанаты мен тұрақтандырғышында, сондай-ақ рульдерде әртүрлі пішіндегі тесіктер анықталған. Ал ұшақ оң қанатымен жерге құлағанда бірден бірнеше бөлікке бөлініпті.

"Үш бағытта жұмыс атқарылған. Біреуі адами фактор, екіншісі техниканың жағдайы, үшінші мына сыртқы себептер. Алдын ала қорытынды бойынша сыртқы себептердің болғаны бәрімізге мәлім. Осы бағытта не себеп болғанын, қандай қару  немесе дрон болғанына экспертиза жауап беруі керек", – деді авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев

Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрлігі Қазақстан әзірлеген алдын ала есепке қатысты мәлімдеме жасады. Бауырлас елдің ведомствосы тергеуге қатысатындарын да растады. Ал соңғы әрі нақты есеп бір жыл ішінде жарияланбақ.

Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрлігі: 

«Бұл жұмыстың басты мақсаты – кінәлілерді анықтау емес, әуе қауіпсіздігі мен авиациялық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Тергеу нәтижелері халықаралық авиациялық нормаларға сәйкес апаттың нақты себептерін анықтауға бағытталады. Сонымен қатар, болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу мақсатында ИКАО және мүдделі тараптарға тиісті ұсынымдар беріледі. Әзербайжан Республикасы бұл тергеуге әуе кемесінің тіркеу елі және оны пайдаланушы мемлекет ретінде қатысты».

Ұшақтың негізгі бөліктерін зақымдаған металл бөлшектер гидравликалық жүйені істен шығарып, сұйықтықтың рульге ағуына әсер еткен. Жағдайдың ушығуына да осы – себеп.

Еске салайық, медициналық және патологиялық талдаулар әлі аяқталған жоқ. Әуе кемесінің құрылымындағы зақымдарды толық тексеру де жалғасып жатыр. 

Айкерім Пернебек, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Ақтаудағы ұшақ апаты: тергеудің есебі жарияланды

Новости партнеров