Оқыс оқиға былтыр жазда Жетісу облысындағы Ақши ауылының маңында болған
Былтыр Алакөлде апатқа ұшыраған жеңіл ұшақ тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сот дельтаплан иесін ҚР әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзғаны үшін кінәлі деп тапқан. Көлік прокуратурасының мәліметінше, кәсіпкерге 55 мың 380 теңге айыппұл салынып, әуе кемесі мемлекет меншігіне алынды.
Еске сала кетейік, оқыс оқиға былтыр жазда Жетісу облысындағы Ақши ауылының маңында болған. Жағажайдағы демалушыларға ақылы қызмет көрсеткен шағын ұшақ көлге құлап, екі адам ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен. Артынша Азаматтық авиация комитеті құлаған гидропланның ұшуға жарамдылық сертификаты болмағанын, ал ұшқышта авиация персоналының қолданыстағы куәлігі жоқ екенін мәлімдеген.
"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Прокуратураның бастамасымен Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында кәсіпкерді әкімшілік жауаптылыққа тарту мәселесі қаралды", – делінген ҚР Бас көлік прокуратурасының хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Биыл Алматыны айналып өтетін темір жолдың құрылысы аяқталады