Алданып қалдық: Ақтауда еден жуушылар еңбекақысын ала алмай жүр

Шымкент қаласының тұрғыны Ақтауға келіп, сауда орындары мен жеке үйлерге тазалық қызметін көрсететін компания ашқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда 40-қа жуық еден жуушы еңбекақы ала алмай, қор боп жүр. Арнамызға келіп, шағым айтқан олар жеке тазалық компаниясында қызмет еткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шағым түсіргендердің бірі – Нұрлыгүл Тұрақбаева. Ол тазалық компаниясында бір айдан астам уақыт қызмет еткен. Алайда тиісті жалақысын ала алмаған соң жұмыстан шығып кеткен. Танысы да көлік жүргізуші болып жұмысқа орналасып, опық жеп қалған көрінеді.

"10 ақпанда ақшаны түгелдей қайтарам, 10-15 мың теңгеден пайызын салып тұрамын» деді. Осы уақытқа дейін күттік. Кеше Аягөз топты жауып тастады. Содан кейін хабарсыз қалды", – деді қала тұрғыны  Нұрлыгүл Тұрақбаева

Еңбекақыларын ала алмай жүргендердің айтуынша Шымкент қаласының тұрғыны Ақтауға келіп, сауда орындары мен жеке үйлерге тазалық қызметін көрсететін компания ашқан. Бірақ жеке кәсібін басқа адамның атына тіркепті. Енді әркімнің үйін тазалап, еңбек еткендер ақшасын кімнен дауларын білмей жүр. Оларға тазалық компаниясы шамамен 20 млн теңгедей қарыз көрінеді. Еден жуушылардан бөлек, аталған ұйымның құрылтайшысымен серіктес болғандар да алданып қалған

"Бір жыл бұрын Аягөз деген адамға 5 млн ақша бердік. Оның жартысын алдық, Қалғаны әлі жоқ. Менен басқа серіктес болған жандар ақшасын ала алмай отыр",-  деді қала тұрғыны Балжан Серікова.

"Бизнес жоспары керемет, табыс түсіп тұр. «ЖК ретінде жұмыс жасайық» деп Нотариуске барып, келісімшарт жасадық. Бірақ ол қол қоймаған, оны байқамай қалыппыз. Мен 4 млн теңге бердім, 2 миллион теңге қарыз. ЖК салық төлемдерін төлемеді", – деді  қала тұрғыны Ринат Шинязов.

Еден жуушылар мен серіктес болып алданып қалғандар жиналып прокуратураға арыз түсірді. Қадағалаушы орган өкілдері шағымды Еңбек инспекциясына жолдайтынын мәлімдеді. Бірақ еңбек дауын шешетін инспекторлар жұмыс беруші мен қызметкерлердің арасында келісімшарт жоқ екенін айтып отыр. Сондықтан шағымданушыларға сотқа жүгінуден басқа амал жоқ.

"ҚР Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес, кез келген арызға жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы нақты еңбек қатынастарын растайтын құжаттар жалғануы тиіс. Яғни ондай құжаттар болмаған жағдайда тиісті тексеру жұмыстарын тағайындай алмаймыз",- деді Маңғыстау облысы Еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Эдуардаұлы

Жәбірленушілер адал ақысын төлесе, арызын кері алатынын айтты. Ал егер мәселе дәл осылай жалғаса берсе, соңына дейін баруға бекініп отыр. Алданғандар саны өте көп. Біз білетін еден жуушылар мен серіктестерден де бөлек, басқа да жәбірленушілер бар екен. Қазір олардың тізімізі жазылып жатыр.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулетов, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Елімізде қай қалаларда ауаның ластану деңгейі жоғары

Новости партнеров