Іс-шара барысында 250 борышкер автокөлігі анықталып, мемлекет пайдасына 95 млн теңге өндірілді, сондай-ақ 35 автокөлік айып тұрағына қойылды
«Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру және қолданыстағы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету аясында Бас прокуратура алимент бойынша қарызды өндіріп алу жұмысының қорытындыларын шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қадағалау органының басшысы Берік Асылов атап өтті: «ЮНИСЕФ-тің отбасы-неке саласындағы зерттеулеріне сәйкес, алименттің төленбеуі баланың өмір сүру сапасының нашарлауына, оның даму мүмкіндіктерінің шектелуіне, сондай-ақ отбасындағы психологиялық шиеленістің артуына әкеледі. Әкесінің қолдауынсыз қалған балалар өздерін тастанды немесе бағаланбаған болып сезінеді, бұл олардың эмоционалдық жағдайына әсер етеді. Баладан ұрланған әрбір теңге – оның білім, денсаулық және жарқын болашаққа деген мүмкіндігін ұрлау деген сөз. Алимент – бұл тек заңды міндет емес, сонымен қатар өз балаңның алдындағы жауапкершілік екенін ұмытпау маңызды».
Алайда барлық әкелер өз балаларын қолдап, көмегін тигізе қоймайды. Қазіргі таңда 28 млрд теңге көлемінде қарыз жинақталған. Борышкерлер сот шешімдерін орындаудан жалтарып, мүліктері мен табыстарын жасыруда.
Заңнамаға сәйкес, борышкерлерге бірқатар шектеу шаралары қолданылады: шетелге шығуға уақытша тыйым салу, лицензиялар, рұқсаттар мен арнайы құқықтарды беруге уақытша тыйым салу, сондай-ақ бұрын берілген рұқсаттар мен арнайы құқықтардың (мысалы, көлік жүргізуші құқығы, атыс қаруын иелену және алып жүру рұқсаты) жүзеге асыруын тоқтата тұру. Сонымен қатар, мүлік пен банктік шоттарға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, прокуратура органдары борышкерлерді іздеу үшін өткен жылдан бастап IT-технологияларды белсенді қолдануда. Әзірленген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының «Бірыңғай қауіпсіздік ақпараттық ресурстарының кешені» («КИРЕБ») мемлекеттік органдардың дерекқорлары мен «Сергек» камераларымен біріктірілді.
Осы жүйе іске қосылған сәттен бастап (2024 жылдың қыркүйегінен бастап) 176 алимент төлеуден жалтарған борышкердің орналасқан жері анықталып, олар ұсталды.
Осы жұмыстың нәтижесінде прокуратура органдарымен өткен жылы балалардың пайдасына 4,6 млрд теңге қарыз өтелді.
Сонымен қатар, Бас прокуратура қазіргі заман талабына бейімделген борышкерлердің мүліктік жағдайын тексерудің жаңа алгоритмін әзірледі. Жол полициясы және салық органдарымен бірлесіп автожолдарда рейдтер жүргізілуде.
Мысалы, Ақтөбе қаласының прокуратурасы атқарушылық iс жүргiзулер бойынша борышкерлердің автокөлік құралдарын анықтау, соның ішінде «Автоураган», «Архан», «Мираж» және «Кибер» арнайы жүйелерінің көмегімен мемлекет пайдасына әкімшілік айыппұлдарды, салықтарды, алименттерді және жалақы бойынша қарыздарды өндіру мақсатында, Мемлекеттік кірістер департаменті, Полиция департаменті, жеке және мемлекеттік сот орындаушыларымен бірлесіп, рейдттік іс-шаралар өткізді.
Іс-шара барысында 250 борышкер автокөлігі анықталып, мемлекет пайдасына 95 млн теңге өндірілді, сондай-ақ 35 автокөлік айып тұрағына қойылды.
Осындай жұмыстар Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында және басқа өңірлерде де жүргізілді.
6 мың кіріс жасыру және төлемнен жалтару фактісі анықталды. Борышкерлер ақшаларын казино мен букмекерлік кеңселерде жұмсап, бизнес пен такси, жеткізу қызметтерінен түскен табыстарын жасырған, қаражаттарын электронды әмияндарда сақтаған, мүліктерін ломбардқа өткізіп немесе сатып жіберген, шоттарынан қолма-қол ақша шешіп алып, ресми жұмыстан жалтарған.
Түркістан облысының прокуратурасы алимент төлеу міндеттемелерін орындамаған 72 борышкердің 274 млн теңгені құмар ойындарға жұмсағанын анықтады.
Жаңа алгоритмнің жұмысы нәтижесінде бұзушылықтардың көлемі анықталған:
Сонымен қатар, балалардың мүддесі үшін қарыздарды өндіріп алу бойынша сот актілерін орындау кезеңінде жеке сот орындаушылары (ЖСО) тарапынан заң бұзушылықтар анықталды. Кейбір ЖСО борышкерлермен заңсыз әрекеттерге барып, өз өкілеттіктерін асыра пайдаланған.
Мысалы, Маңғыстау облысында жеке сот орындаушы 200 мың теңге пара алып, алименттен жалтарған борышкерге шетелге шығуға тыйымды заңсыз алып тастаған. Ол үшін өндіріп алушының өтінішін қолдан жасап, борышкердің 1,6 млн теңге қарызы бола тұра, оның Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінде демалуына мүмкіндік берген.
Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Сотта ЖСО өз кінәсін толық мойындап, заңсыз сыйақы алғанын және өкілеттігін асыра пайдаланғанын растады.
Жалпы 2024 жылы жүргізілген прокурорлық тексерулердің нәтижесінде 10 жеке сот орындаушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тағы 6 тұлғаға қатысты тергеу жүріп жатыр, ал 3 қылмыстық іс сот қарауында.