Алматы облысында Наурыз қалай атап өтіледі

12.03.2025 13:11

Өңірде 368 мерекелік іс-шара жоспарланған, олар барлық ауданда өтеді

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай кең ауқымды мерекелік шаралар өтеді. Қонақтар үшін театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар, концерттер мен ерекше мәдени перформанстар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

“Наурыз – бұл тек халықтық мереке ғана емес, бұл – жаңару мен бірліктің, ұрпақтар сабақтастығының символы. Біз бұл мейрамды өңір тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше әрі есте қаларлықтай етуге бар күшімізді саламыз”, - деді  облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым.

Биыл Наурыз мерекесі он күнге созылатын ерекше марафон форматында өтеді. Әр күннің өзіндік тақырыбы мен мазмұны бар:

  • 14 наурыз – Көрісу күні (татулық пен бірліктің символы)
  • 15 наурыз – Қайырымдылық күні
  • 16 наурыз – Мәдениет пен дәстүр күні
  • 17 наурыз – Отбасы және ұрпақтар сабақтастығы күні
  • 19 наурыз – Жаңару күні
  • 20 наурыз – Ұлттық спорт күні
  • 21 наурыз – Бірлік күні
  • 22 наурыз – Жыл басы (Наурыз мерекесінің басты күні)
  • 23 наурыз – Тазалық күні

Жалпы өңірде 368 мерекелік іс-шара жоспарланған, олар барлық ауданда өтеді.

Мерекенің негізгі тойланатын үш басты орны анықталды:

  •  Орталық алаң – мұнда 25 қазақы киіз үй тігіліп, қонақтар ұлттық салт-дәстүрлермен таныса алады. Келушілерге қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылып, ал басты сахнада Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерті өтеді.
  •  Қонаев көшесі – бұл алаңда қолөнер шеберлерінің шеберлік сабақтары, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі мен қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылады.
  •  Б. Соқпақбаев атындағы қалалық парк – мұнда қазақша күрес, асық ату, гір тасын көтеру сияқты ұлттық ойындар өтеді. Сондай-ақ, қонақтар үшін арнайы фотозоналар, аниматорлар мен балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы әзірленген.

Оқи отырыңыз: Алматыда бәйшешек гүлдеді