Лифтіде баланы пышақтаған жасөспірім ісі қашан сотқа жіберіледі

12.03.2025 13:24

Жасөспірімге қатысты жаза оның әрекетінің саралануына байланысты тағайындалады

Видеодан кадр

Лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің ісі бір ай ішінде сотқа жіберіледі. Қазір аталған жайтқа қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

— Сот-психиатриялық сараптама тағайындалды. Біз тергеуді бір ай ішінде аяқтап, қылмыстық іс материалдарын прокурор арқылы сотқа жіберуді жоспарлап отырмыз, — деді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Министр орынбасарының мәлімдеуінше, жасөспірімге қатысты жаза оның әрекетінің саралануы мен соттың шешіміне байланысты тағайындалуы мүмкін. 

— Аса ауыр қылмыс жасалды, құқықтық бағаны сот береді. Сот шешімін болжау немесе түсініктеме беру менің құзыретіме кірмейді, — деп түйіндеді С. Әділов.

Еске сала кетейік, биыл 11 ақпанда елордада жасөспірім лифті ішінде баланы пышақтап тастаған еді. Кейін белгілі болғандай пышақпен шабуылдаған жасөспірім арнайы есепте тұрған. 

Дәрігерлер зардап шеккен балаға дереу ота жасап, психологиялық көмек көрсетті. 

Қазір баланы пышақтаған жасөспірім психиатриялық стационарға орналастырылды.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ержан Нұрлыбаев жасөспірімнің ортаға бейім жағдайда болғанын айтты.

Сондай-ақ кейін анықталғандай лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімді жалғызбасты ана тәрбиелеп отыр. 

Айта кетсек, елордада көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің анасы психикалық денсаулық орталығында ұлын ұрғаны туралы полицияға шағым түсірген еді.

Кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елордада лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімді ұрды деген фактіге қатысты түсінік берді. 

Оқи отырыңыз: Алматы Халықаралық әуежайында жолаушыларға арналған акция өтеді