Алматы облысында тұрғындар қауіпті аймақта салынып жатқан тұрғын үй құрылысына наразы

Тұрғындардың тұрмысын қиындатқан құбырды жауапты мамандары бүгін алып тастаймыз деп сендірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысына қарасты Өтеген батыр ауылында көпқабатты үйлердің санитарлық аймақта заңсыз салынып жатқанына бір жылға жуықтады. Қағаз жүзінде бұл – қызыл сызық бойындағы өндірістік аумақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өтеген батыр ауылындағы жаңа тұрғын үй кешені зауыттар мен көмірқышқыл газын бөлетін өндіріс пен кәсіпорындармен қоршалып, қауіпті аймақта тұр. Бұл жердің нысаналы мақсатында да тайға таңба басқандай «үй салуға болмайды» деп белгіленген. Алайда мұндағы құрылыс былтыр басталып, бес қабатты бірнеше үйдің қаңқасы тұрғызылып қойған. Ал оның жанынан мердігер адам өміріне қауіпті құбыр тартқан. Бұдан жақын жерде тұратындардың жүріп-тұруы да қиындап кетіпті.

 «Жақсы жолымызды бұзып тастады. Құбырларын алып кетсе екен. Сағат 5:00-де қатты шум да шығарады, біз шошынып оянамыз», – деді Өтеген батыр ауылының тұрғыны Айман Пернебаева.

Үйлі боламыз деген үмітпен халық мұндағы пәтерлерді алуға кезекке асыға тұрып жатқан көрінеді. Баспананы брондауға қанша адам өтініш бергені жайлы ақпарды білу үшін мердігер компания өкілдерімен сөйлесуге тырыстық.

Компания заңгерінің айтуынша, олар рұқсат қағазды заңды түрде Іле ауданы әкімдігінен алған.

 «Компания сараптамадан өткен, тұрғын үй кешенінің жұмыс жобасын әзірленгеннен кейін, сарапшылар жобаның барлық нормаға сәйкес келетіндігін растады. Осыдан кейін біз құрылыстың басталғаны туралы хабарлама бердік және Алматы облысының қала құрылысын бақылау басқармасынан талон алдық», – деді мердігер компанияның заңгері Сағынбек Бақмағамбетов.

Кешеннің іргетасы қызыл аймақта қаланып жатқанын біле тұра, жергілікті әкімдік осы уақытқа дейін үнсіз келген көрінеді. Тек жұртшылық пен кәсіпкерлердің шағымынан соң жауаптылар тексеріс тағайындаған. Түсірілім барысында бұл істе бір гәп барын аңғардық. Себебі тиісті құжаттарды беріп, құрылыс жүргізуге талон таратқан Іле ауданы әкімдігінің өкілдері, облыс деңгейінде бұл жерде тұрғын үй салуға болмайтынын анықтаған.

 «2024 жылы Іле ауданы мәслихаты бас жоспарда аудан деңгейінде өзгеріс енгізілген. Жерге жеке тұрғын үй салуға болмайды. Сотқа беріледі, шешім шығады, құрылысты тоқтатамыз», – деді Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмас Букенаев

Тұрғындардың тұрмысын қиындатқан құбырды Іле ауданы әкімдігінің жауапты мамандары бүгін алып тастаймыз деп сендірді. Ал санитарлық аймақтағы үйлердің құрылысына қатысты жергілікті автопарк иесі сотқа шағымданатын болды. Ал билік өкілдері тек сол сот үкімінен кейін ғана заңсыз құрылысты тоқтата алады.

Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Әшімжанов, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Төбесі опырылса, астында қаламыз: Атыраудағы тұрғындар жанын шүберекке түйіп отыр

 

 

 

 

Новости партнеров