Несеп-жыныс жүйесі мүшелеріне реконструкциялық-пластикалық операцияларды арнайы шақыртылған лондондық профессор жүргізген
Алматыда Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығында 14 балаға күрделі санаттағы хирургиялық ота жасалды. Несеп-жыныс жүйесі мүшелеріне реконструкциялық-пластикалық операцияларды арнайы шақыртылған лондондық профессор жүргізген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда күрделі урологиялық патологиясы бар балаларға көмек көрсетуге бағытталған шеберлік сабағы алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. 10 шақты жылдан бері қазақстандық дәрігерлермен тәжірибе алмасып жүрген Имран Муштак бұл жолы жыныс мүшесі дұрыс дамымаған, несеп жүйесінде ақауы бар балаларға реконструкциялық-пластикалық ота жүргізді. Маманның айтуынша, мұндай операция ерте жасалмаса, баланың жағдайы есейе келе қиындай түседі.
"Біз бұл жолы гипоспадия және балалардағы қуық экстрофиясын қарастырып жатырмыз. Бұл жиі кездесетін диагноздар емес. Қазақстанға әр келген сайын мұндағы мамандардың біліктілігі артып келе жатқанына куә боламын. Бірақ ауруды емдеуде сәт сайын жаңа әдістер пайда болып жатыр. Сондықтан тәжірибе алмасудың маңызы зор", – деді хирург-уролог Имран Муштак (Ұлыбритания).
"Арасында гипоспадия диагнозы жиілеу кездеседі, ал экстрафиямен 3-4 бала жыл сайын туады. Заманауи техниканың арқасында науқастар біртіндеп емделіп жатыр", – деді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы Урология бөлімінің меңгерушісі Азамат Раев
Шеберлік сабағын жүзеге асыруға «Мейірім» қоғамдық қоры ұйытқы болған. Науқас балалар Қазақстанның түкпір-түкпірінен таңдалыпты. Солардың бірі - көпбалалы ана Мөлдір Дәрібаеваның 3 жастағы ұлына ота жасалды. Анасының айтуынша, гипоспадия диагнозымен ем алып жатқан баланың жағдайы жақсы.
"Диагнозы іште жатқан кезде айтылған. Ал 1,5 жасында біле бастадым. Сосын 2 жасында бірінші операциясын жасаттық. Тоғыз айдан кейін екіншісі отасына Имран Муштак қатысты", – деді Алматы облысының тұрғыны Мөлдір Дәрібаева
"Балаларға өмір сыйла" жобасы аясында былтыр 16 шеберлік сабағын ұйымдастырғанбыз. Игі іс биыл да жалғасын тауып жатыр. Әрине, баласын шетелдік дәрігерлерге алып бару үшін ата-аналарға қыруар қаржы керек болады. Сондықтан білікті дәрігерлерді елге алып келіп, ота жүргізген әлдеқайда тиімді. Қоғамдық қорға қолдау көрсеткен барша отандасымызға алғыс білдіреміз", – деді "Мейірімділік" ерікті қоғамы" қоғамдық қорының директоры Аружан Сайын.
Мамандардың айтуынша, отадан шыққан науқастардың қазіргі жағдайы қалыпты. Балалар ары қарай да бақылауда болып, ем алуды жалғастыра бермек. Ота түрі күрделі болғандықтан, олар ерекше күтімді қажет етеді.
Жансая Олжабек, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: МӘМС: Артық салынған ақшаны қайтарып алу мүмкіндігін қарастыру керек - депутат