Алматыда 600-ден аса ата-ана жауапқа тартылды

16.04.2025 15:34

Түнгі уақытта қараусыз жүрген 731 кәмелетке толмаған бала ұсталды

Алматыда өтіп жатқан «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары мыңға жуық әкімшілік құқық бұзылғанын анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Түнгі уақытта қараусыз жүрген 731 кәмелетке толмаған бала ұсталып, 600-ден аса ата-ана жауапқа тартылды. «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 10 сәуірде басталды.

«Ата-аналар балаларын қадағалап, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Қоғамдық орындарда өзін-өзі қалай ұстау керек екенін міндетті түрде түсіндіруін сұраймыз. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз көшеде жүрмеуі тиіс», – деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шұмаев.

Рейд барысында 121 көңіл көтеру орталығы тексеріліп, түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды кіргізгені үшін 15 кәсіп иесі жауапқа тартылды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бастама жасөспірімдерді жазалауға емес, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Айта кетейік, профилактикалық іс-шара 6 мамырға дейін жалғасады.

 «Әкімшілік құқық бұзушылық – баланың үйден тыс жерде жүруі. Ол бірінші фактісі болса, ескерту ретінде әкімшілік шара қолданамыз. Егер бір жылдың ішінде қайталанса, 10 АЕК айыппұл салынады», – деді Полиция департаменті ЖПҚБ Ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.

Оқи отырыңыз: Алматыда марихуананың ірі партиясы тәркіленді