Бұл бастама қаланың ауа сапасын жақсарту мәселесіне арналған қоғамдық кеңестің отырысында көтерілді
Алматыда ескі автокөліктердің қозғалысын шектеу ұсынылды. Бұл бастама қаланың ауа сапасын жақсарту мәселесіне арналған қоғамдық кеңестің отырысында көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиынға қатысушылардың айтуынша, мегаполистегі негізгі ластаушы фактор – экологиялық талаптарға сай келмейтін ескі көліктер. Осыған байланысты Euro 0 мен 4-ке дейінгі санаттағы темір тұлпарларды енді жүргізбеу ұсынылды. Экологиялық таза аймақтарға кіретін автомобильдер үшін арнайы төлем енгізу мәселесі де қарастырылды. Мұндай шаралар әлемнің көптеген ірі қалаларында қолданылып, ауа сапасын жақсартуға оң әсерін тигізген.
"Менің ұсынысым –автобустарда тегін жүру. Яғни, шаһардағы жолаушылар ағынын, қандай және қанша автобус парктері барын нақты анықтап, қала бюджетінен төлеу қажет. Бұл шығынды көлік тұрақтары ақтап алады. Мұны дұрыс түсіну керек. Қалаға кіреберіс жерлерде көлік жүргізушілеріне арналған тұрақ салынып, сол жерге көліктер қойылады. Ал қала орталығына қарай автобуспен тегін келеді. Сол кезде қаланың ауасы да тазарады", – деді Қазақстан халық партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Темірлан Сұлтанғалиев.
Қоғамдық кеңестің отырысында 2024 жылғы зерттеу нәтижелері де сараланды. Мәселен жылына 189 мың тонна ластаушы заттардың 112 мың тоннасы көліктерге, 52 мың тоннасы өнеркәсіптік кәсіпорындарға тиесілі екен. Осыған орай ластануды азайту үшін қатты отынмен жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану орындарына сүзгілер орнату ұсынылды. Сонымен қатар жеке үйлер мен моншаларды толық газдандыру жоспары қаралды.
"Таза ауаға байланысты комиссия құруды ұсынып отырмыз. Құрамында тек қалалық билік пен мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар белсенді азаматтар, қоғамдық ұйымдар мен бизнес өкілдері де болады. Олар экологиялық ахуалды жақсарту үшін жағдайды үнемі бақылап отырады. Ауа сапасына, жалпы экологияға байланысты өзгерістер байқасақ, шара қабылдаймыз", – деді қоғамдық кеңестің мүшесі Әсет Наурызбаев.
Оқи отырыңыз: Елімізде қай қалаларда ауаның ластану деңгейі жоғары