Алматыда үш қаржы пирамидасы қызметі тоқтады

21.04.2025 14:06

Тергеу барысында салымшылардан қаражат жинау және транзит жасау үшін қолданылған криптовалюталық әмияндар анықталды

Алматыда криптовалютаға негізделген үш қаржы пирамидасы әшкереленді. Нақтырақ айтсақ, «Warner Bros», «Roborock» және «NFT+TRX» пирамидалары өз қызметін тоқтатқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ұйымдастырушылар қатысушыларға трейлер көріп, ақша табуға болатынын айтып, оларды USDT криптовалютасы арқылы инвестиция салуға шақырыпты. Әрбір қатысушыдан орта есеппен 225 мың теңге көлемінде қаражат та талап еткен көрінеді. Жобалар көп деңгейлі жүйемен жұмыс істеген, яғни жаңадан адам тартқан қатысушыларға «сыйақы» беріліп отырған.

 «ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті «Warner Bros», «Roborock» және «NFT+TRX» қаржылық пирамидаларының қызметін тоқтатты. Тергеу барысында салымшылардан қаражат жинау және транзит жасау үшін қолданылған криптовалюталық әмияндар анықталды. Соттың санкциясымен 3,8 млн USDT көлемінде криптоактивтерге тыйым салынды», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: «Алматы жастары» бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдау қорытындысы шығарылды