Коммуналдық қызмет бүлінген құбырды бірнеше сағаттың ішінде қайта қалпына келтірген
Алматының Түрксіб ауданында бүлінген жерасты газ құбырын жөндеуге кеткен барлық шығын кінәлі тұлғаға жүктеледі. Осы жайтқа қатысты полицейлер іс қозғап, тергеуді бастап кетті. Ал апатты дереу жоюға кіріскен коммуналдық қызметтердің арқасында жұмыс түскі сағат 2.00-де толық қалпына келтірілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кеше түнде ешкімнің рұқсатынсыз дәмханалардың біріне кәріз құбырын жүргізбек болған жекеменшік бригаданың кесірі тұрғындардың жылусыз қалуына себепкер болған. Өйткені олар тиісті мекемелерге ескертпестен өз бетінше жол жабындысын тесіп, құбыр тартпақшы болғанда орта қысымды газ құбырына зақым келтірген.
"Мен келесі көшеде тұрамын. Таңертеңнен бастап газ болған жоқ. Өте суық болды. Жылытқыш алып, жылынуымызға тура келді. Менің кішкентай балаларым бар, ал екінші үйімізде сіңілім тұрады. Оның да баласы бар", - дейді Түрксіб ауданының тұрғыны Олеся Глушова.
Ал апаттың салдарын жоюға коммуналдық қызмет бүгін таңнан кіріскен. Оқиға орнында 150 жұмысшы мен 6 техникасы жұмыс істеді. Олар бірнеше сағаттың ішінде бүлінген құбырды қайта қалпына келтірген. Алдымен қазандықтарға жылу жіберілген, кейін пәтерлерге қосылды.
"16 қаңтарда сағат 19.00 шамасында «104» апаттық-диспетчерлік пультіне «жерасты газ құбырына зақым келтірілді» деген хабар келді. Қауіпсіздік мақсатында газды өшіруге мәжбүр болдық", - деді "Qazaqgaz" АҚ Алматы өндірістік филиалы газ жүйелерін жөндеу қызметінің бас маманы Рамис Мұқашев.
Ал Түрксіб ауданында бүлінген жерасты газ құбырын жөндеуге кеткен барлық шығын енді кінәлі тұлғаға жүктелмек. Себебі ол ешқандай рұқсатсыз өз бетінше жұмыс істеген. Болған жайтқа қатысты аудан полицейлері іс қозғап, тергеу бастап кетті.
"Бүгінгі таңда Захаров көшесінде арнайы топтың заңсыз құрылыс жұмысын жүргізуінің соңы газ желілерінің апатына әкеліп соқты. Қазіргі таңда аталған жайт Түрксіб ауданы Полиция басқармасында тіркелген және апатты қалпына келтіру жұмыстарына кеткен шығындар солардың мойнына ілінетін болады", - деді Түрксіб ауданы инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Фархат Жаңбыров.
Еске салайық, кез келген инженерлік желілерге қосылу үшін жеке және заңды тұлғалар сызбаның негізінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, коммуналдық кәсіпорындармен келісуге міндетті. Сондай-ақ құрылыс жүргізілетін аймақ туралы Қала құрылысын бақылау басқармасынан талон алып, аудандық әкімдікті хабардар етуі керек. Одан бөлек, құрылыс-монтаж жұмыстары коммуналдық кәсіпорындардың бақылауымен ғана жүргізілуге тиіс.
Олжас Омарбек, Әлішер Ерғалиұлы, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматының Түрксіб ауданындағы газ құбыры қалпына келтірілді, полиция тергеу амалдарын бастады