Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы аяқталады
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі екенін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары туралы айтылып отыр.
Қазір бүкіл елімізде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2025-2026 жылдардың өзінде Қашаған кенішінде газ өңдеу зауытын, сонымен бірге, «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу–Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосу жоспарланған. Үкімет Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғысына негізделген электр стансасын салады. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылатын болады. «Кендірлі» демалыс аймағында су тұщытатын зауыт жұмыс істей бастайды. Кәсіпорын Жаңаөзен қаласы тұрғындарын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етеді. Қарағандыда және Екібастұзда болат қорытатын зауыттар, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыш өндіретін химия кешені пайдалануға беріледі» - деп атап өтті Президент.
Оның айтуынша, Алматы қаласында және Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылады.
«Достық-Мойынты» темір жол учаскесінің және Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы аяқталады. «Қызылжар – Мойынты» бағытында жаңа жоба басталады. Ақтауда Каспий теңізінің жағалауындағы контейнер хабы салынып бітеді. «Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА аумағында халықаралық әуежай жұмыс істей бастайды. Зайсан, Катонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында да әуежай ашылады. Каспий теңізінің ұлтанымен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады, бұл қадам Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз жасауға мүмкіндік береді. Еліміздің автокөлік жолдары желісін дамыту жұмысының мән-маңызы өте зор», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялады.
«Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба. Бұдан бөлек Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн. Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Елімізде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалар аз емес.
«Алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылып отырады. Осы арқылы біз мемлекеттің жаңа индустриялық қалыбын жасап, көлік-транзит әлеуетін нығайта түсеміз. Біздің мемлекетімізге ірі инфрақұрылымдық жобалар өте қажет. Ауқымды жобалар аймақтардың экономикалық мүмкіндігін арттырады. Мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Жалпы айтқанда, ірі жобаларды жүзеге асыру – еліміздің осы аймақтағы көшбасшылық рөлін арттыратын бірден-бір жол», - деді Президент.
Оқи отырыңыз: Қала мен көше атауларынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет - Тоқаев