Алматыда жұмыссыз жастардың мәселесі қалай шешілуде

27.02.2025 20:42

NEET санатындағы азаматтар үшін арнайы орталықтар жұмыс істеп тұр

Былтыр елімізде 400 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылған. Қазір республика аумағында NEET санатындағы азаматтарды оқыту және жұмысқа орналастыру бағдарламалары белсенді іске асып келеді. Алматыда жұмыссыз жастардың үлесі айтарлықтай азайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мереке Елеудің балалар орталығына жұмысқа орналасқанына 1 айдың көлемі болған. Декреттік демалыстан шыққан жас ана кәсіби дағдысын дамыту мақсатында жұмыс іздеген. Еңбек мобильділігі орталығының көмегіне жүгінген ол «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында қызметіне кіріскен.       

«Ол кісілер маған әртүрлі жұмыс ұсынды. Соның ішінде мен осы орталықты таңдап алдым. Өйткені мен үйіме де жақын, өте ыңғайлы болды», – деді жас маман Мереке Елеу.

Мегаполисте NEET санатындағы азаматтарды оқыту және жұмысқа орналастыру бағдарламалары жүзеге асып келеді. Ол үшін Еңбек мобильділігі орталығы қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері бұл аталған орталыққа 8 мыңға жуық азамат жұмыс іздеп келген. Бүгінде оның 2,5 мыңы қызметке орналасқан.

«Жастарға алған мамандығы бойынша бастапқы тәжірибе алуға мүмкіндік береді, бір жылға дейін жұмыс атқара алады. Ол жерде 35 жастан аспаған соңғы 5 жылда мамандығымен жұмыс істемеген жастар қатыса алады. Қоғамдық жұмыстарға белсенді арласып, тұрақты жұмыс орнына орналасуға жолдама алады, – деді Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Әділет Жаңабаев.

Жастар саясатының басты бағыттарының бірі – кадрлық әлеуетті арттыру. «Президенттік жастар кадрлық резерві» - 2019 жылдан бастап іске асып келе жатқан жоба. Қазір резервтегі 315  жас мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарға тағайындалған. Олардың қатарында алматылықтар да бар.

Айта кетейік, NEET санатындағы азаматтар үшін арнайы орталықтар жұмыс істеп тұр.

 «Жастарымызға инфрақұрылым құру өте маңызды. 2023 жылдың соңында Алматыда комьюнити орталықтар ашылды. Оның елімізде баламасы жоқ. Алдыңғы жыл тағы қосымша комьюнити орталықтар ашылды. Қазіргі таңда қалада 11 заманауи орталық жұмыс істеп жатыр. Жылдың соңына дейін тағы бесеуін ашу жоспарланған», – деді Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры директорының міндетін атқарушы Бағдат Анарбаева.

Елде жастардың тұрғын үй мәселесін шешу бойынша да жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. 2017 жылдан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында 7 200-ден астам жас қазақстандық баспаналы болған.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков 

Оқи отырыңыз: Сұрақ-жауап: Медеу ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі