Алматыдағы көшелерде су бұру желілері жаңғыртылып жатыр

Шаһарда 58 шақырым арық желісі салынып, су басу қаупі жоғары аймақтарда гидрологиялық жағдай жақсарған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда су бұру желілері жаңғыртылып жатыр. Қазір 58 шақырым арық желісі салынып, су басу қаупі жоғары аймақтарда гидрологиялық жағдай жақсарған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда арық желілерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қала әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан шаруаның басым бөлігі аяқталып та қойыпты. Қазір шаһардың шығыс бөлігіндегі 15 көшеде 7,4 шақырым су бұру желісі жаңғыртылған. Ал орталықтағы 67 көшеге 30 шақырымнан аса арық пен кәріз желісі жүргізіліпті. Жетісу ауданындағы Пржевальский мен Казаков көшесінің тұрғындары да жаңбырлы маусымда тобыққа жеткен судан аяқ алып жүре алмайтындарын айтып, қала билігінің көмегіне жүгінген екен. Жергілікті жұрттың сұрауынан кейін шаруа бірден қолға алынып, мәселе шешілген.

"Жоғары жақтан бізге қарай су ағып, көшені басып қалатын. Ал үйіміз төмен орналасқандықтан ағып келген су біздің аулаға жайылып, терезеге дейін жеткен кездер болды. Шағымымызды қала билігіне жеткіздік. Сөзімізді елеусіз қалдырмағаны үшін алғыс айтамыз!"– деді Жетісу ауданының тұрғыны Тұрсын Жұмасаева.

"Жұмысшы кентінің тұрғындары су бұру желісін жаңартып беруді сұрадық. Казаков көшесін жаңбырлы маусымда су басып, қолайсыздық тудыратын. Айтқанымызды екі етпеді. Тек Казаков емес, Ниязбеков пен Рысқұлов көшелеріне де жаңа арық желілері салынды, рақмет!" – деді Жетісу ауданының тұрғыны Зайтунам Садырова.

Сондай-ақ қаланың батыс бөлігіндегі арық желілері де жаңғыртылған. Алатау, Наурызбай және Әуезов аудандарына 20 шақырымнан аса су бұру желісі салынды. Алмалы ауданындағы Мұқанов көшесіне де былтыр 60 метр жерасты арық жүргізілген. Ал биыл Мақатаев, Жұмалиев пен Байзақов көшелеріндегі су бұру желілері жаңғыртылды. Тұрғындар мәселенің шешілгеніне дән риза.

"19 үйдің барлығын су басып кететін. Абай көшесінен осы жерге келіп, көтеріліп кетеді су. Көтеріліп кішкене тағы ағып, сосын Байзақоваға шыға алмайтын. Кейін 1 аптадан кейін жіберді жігіттерді. Тракторлар, техникалар келді. Зауыттан құбырлар, темір трубаларды әкеліп, осы көшеде түгел тұрды. Жақсы істеді жігіттер", – деді Алмалы ауданының тұрғыны Шерияздан Рушанов.

Айта кетейік, шаһарда су басудың алдын алуға бағытталған бұл шаруа "Таза Қазақстан" республикалық бағдарламасы мен "Алматы – біздің ортақ үйіміз" қалалық науқаны аясында жүзеге асып жатыр. Игі бастама шеңберінде мегаполистегі көшелер мен өзен арналарын қоқыстан тазартып, қоғамдық орындарды абаттандыру да қолға алынған.

Аяулым Көлжігіт, Жақсылық Тілепберген, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: 

 

Новости партнеров