Алматылық жасаған мұз айдыны тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды

750 шаршы метр аумақты қамтитын алаң бір мезетте 60-тан астам келушіні қабылдай алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 77 жастағы зейнеткер Валерий Паршаков 40 жылдан бері өз қолымен мұз айдынын жасап келеді. Бұл – оның жай хоббиі емес, өмірінің бір бөлшегі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Валерий Паршаков коньки тебуді бала кезінен жанына серік еткен. Мұз айдынында еркін қозғалып, әлі күнге ширақ қимылдайды. Осыдан 70 жыл бұрын аяғына алғаш рет коньки байлаған ол бұл спортқа деген қызығушылығын ешқашан жоғалтқан емес. 35 жасында қыздарына арнап ауласында шағын сырғанақ жасап, кейіннен оны үлкен мұз айдынына айналдырыпты. Ол тау-кен ісі мамандығын меңгергендіктен, бұл істі бастау қиын болмаған.

"Алғашында диаметрі кішкентай ағаштарды пайдаланып, құрылым жасап, су құйып амалдадық. Уақыт өте келе барлығы қалыпқа келе бастады. 2018 жылы әкімдік көмек қолын созып, хоккей алаңын толық жабдықтап алдық. 25 жыл бойы тегін болған, 2008 жылдан бері ақы төлейді", – деді қала тұрғыны Валерий Паршаков.

Қазір мұз айдынға кіру құны 500 теңге. Түскен қаражат коммуналдық шығындарды өтеуге бағытталады. 750 шаршы метр аумақты қамтитын алаң бір мезетте 60-тан астам келушіні қабылдай алады. Ерекшелігі – бұл жерде бірнеше буын өкілдері сырғанақ теуіп, қысқы спорт дәстүрін жалғап келеді.

"Осы ауданның тұрғынымын. Валерий ағамызға, рахмет! Екі сағат бұрын келгенмін, үйренуге болады екен", – деді қала тұрғыны Мұхтар Ілім.

"Өте қуаныштымыз, үшінші жыл қызымды әкелдім, биыл ұлымды келе бастады. Екі аптада үйреніп қалды. Аулада болғаны өте ыңғайлы. Қуаныштымыз, Валерий ағаға, рахмет!" – деді қала тұрғыны Гүлмира Смағұлова.

Қысы қысқа қалада қолдан мұз айдынын жасап, оны жылдар бойы күтіп-баптау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Алайда Орбита-1 ықшамауданының тұрғыны бұл істі абыроймен атқарып келеді. Жасы 80-ге таяған қария 1983 жылы негізін қалаған мұз айдынын тек ойын алаңы ғана емес, болашақ хоккей жұлдыздарының алғашқы қадамын басатын орынға айналдыруды көздейді.

Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Жасанды интеллект білім беру жүйесіне қалай әсер етеді

Новости партнеров