Былтыр өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1408 жұмыскер зардап шегіп, оның 200-ден астамы қаза болған
Астанада құрылыста жүріп жарақат алған әйелдің ісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Былтыр қарашада жұмыс орнында құлаған краншы омыртқасы мен қабырғасын ауыр жарақаттаған. Енді зардап шеккен әйел жұмыс берушіден емдеу шығындары мен өтемақы талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құрылыс алаңында болған жазатайым жағдайдан кейін Арман Ақылжанова ауруханаға жатып қалған. Зардап шеккен әйел мұнаралы кранның машинисі болып жұмыс істепті. Сол күні күнделікті жұмысын аяқтап, еш уайымсыз үйіне бет алған маман кенеттен нысан аумағындағы қоршалмаған шұңқырға құлап түскен.
«Біз жолда келе жатқанда бұл жағдай туралы айтпауымды өтінді. Олар бәрі төленеді, жағдай жасалады деп уәде берді. Екі ай бойы еңбекке жарамсыздық қағазын жіберіп тұрдым. Олар төлем жасап тұрды. Ал қаңтар айынан бастап төлем жасауды тоқтатты», – деді зардап шегуші Арман Ақылжанова.
Жұмыс берушінің адвокаты компания зардап шеккен азаматқа қажетті көмектің бәрін көрсеткенін мәлімдеді. Оның ішінде медициналық жабдық, арнайы төсек, дәрі-дәрмек пен жалақы төлеу бар. Қорғаушының айтуынша, көмек көлемі шамамен 2 миллион теңгеге жуықтаған. Сонымен қатар жұмыс беруші 15 миллион теңге өтемақы төлеуге де дайын болған. Алайда адвокаттың сөзінше, зардап шеккен тарап бұдан да үлкен сома талап еткен.
«Сома медиациялық келісім арқылы өсті. Істі сотқа дейін реттеу аясында 44 миллион теңге қарастырылды. Біз қазір алдын ала тергеу жүріп жатқанын ескере отырып, істі сотқа дейін татуласып шешуге болады деп кеңес бердік. Алдын ала тергеу кезінде немесе сотта тараптар келісімге келе алады. Сол уақытта барынша көмек көрсетілді. Жұмыс беруші барынша қолдау көрсетуге тырысты, – деді жұмыс берушінің адвокаты Дәурен Еслямбекұлы.
Зардап шеккен тараптың адвокаты болса, бұл мәлімдемемен келіспейтінін жеткізді. Айтуынша, медиациялық келісім жобасында 44 миллион емес, шамамен 30 миллион теңге көрсетілген. Сондай-ақ адвокаттың сөзінше, Арман Ақылжанова оқиғаға дейін еңбек келісім-шартынсыз жұмыс істеген. Бұл оның заңды құқықтарының бұзылуына себеп болған көрінеді.
«Реабилитациялық шаралардың, тасымалдау мен қажетті медициналық қызметтердің шығынын, сондай-ақ жоғалған табысты ескерсек, алдағы үш жылда ол мүлдем жұмыс істей алмайды, себебі еңбекке жарамдылық деңгейі 75%-ға төмендеген. Барлығын қосқанда, жалпы шығын шамамен 30 миллион теңгені құрайды», – деді зардап шегушінің адвокаты Андрей Ушаков.
Қалалық полиция департаменті құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуына байланысты жауапты тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын жеткізді.
«Тергеу барысында бірқатар сараптама жүргізілді. Қылмыстық іс өндірісте. Қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Нәтижесінде заңды процессуалдық шешім қабылданады», – деді Алматы ауданы Полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі Жалғас Еркін.
Былтыр өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1408 жұмыскер зардап шегіп, оның 200-ден астамы қаза болған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда төмен. Еңбек қауіпсіздігі басқармасының басшысы Сәрсен Дүйсенов мұндай жағдайда қандай көмек түрлері көрсетілетінін айтып, жұмыс берушінің де жауапкершілік арқалауға міндеттелетінін жеткізді.
«Заңнамамен екі түрлі жәрдемақы қарастырылған. Біріншіден, уақытша жарақаттануына байланысты 100 пайыз жалақы көлемінде жәрдемақы төлеуі керек. Екі ай, үш ай жатса да 100 пайыз жалақы беріледі. Екіншіден, мүгедектік тағайындалса мүгедектікке байланысты онда азаматтық кодексіне сәйкес ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Одан басқа тек жұмыс беруші емес, үкімет тарапынан да жәрдемақы бар», – деді Еңбек қауіпсіздігі басқармасының басшысы Сәрсен Дүйсенов.
Құрылыс алаңында жарақат алған Арман Ақылжанованың дәрі-дәрмек сатып алуға қаражатты жоғын айтты. Ол мамыр айына дейін емін жалғастырады. Сондықтан тергеудің тез аяқталуын күтуде.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Білімдегі былық: Қызылордада бөлім басшысы пара алды деген күдікке ілінді